Мүмкіндігі шектеулі қызылордалықтар шипажайға барудағы кедергіні айтты

Мүмкіндігі шектеулі қызылордалықтар үшін санаторий, шипажайға бару мұң болып тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өйткені жолпұл тек демалыс орнына барып келгесін төленеді. Арбаға таңылған азаматтар осы себепті тәуір мүмкіндіктен қағылып отыр.

"Бізді көмекшінің ертіп апаруына биыл ғана ақша төлене бастады. Оның өзінде барып қайтқан соң және жарты ақысы ғана аударылады. Бізге де солай. Арнайы анықтама өткізесің. Сонда курортқа қалай жетеміз? "Міне!" деп біреу ақша ұстата салмайды. Біз де бой сергіткіміз, ой бөлгіміз келеді", - деді қала тұрғыны, І топ мүгедегі Бақытгүл Қосаева.

Оның жәрдемақысы 77 мың теңгеден сәл асады екен. Тұрақты түрде пайдаланатын дәрісінің бескүндік құны 30 мың теңге шамасында.

"Көріп тұрсыз, алатынымыз мардымсыз. Енді соны қалай жеткізеді деп ойлайды екен? Санаторийдің ақшасын шотымызға аударып жіберсе, қажетімізге жаратар едік. Екі-үш күндік турға жұмсап, ел көріп, танымымыз кеңейер еді" - деді ол.

Бақытгүлдің тағдырласы Зәуре Өксімбаева өз қалтасынан Бурабайға баруды ұйғарып отыр.

"Көмекші алмаймын. Өйткені кім-кімге де ақша жағы қиын. Жүре алатын, басқа топтағы кісілердің көмегіне жүгінемін. Амал жоқ, - деді Зәуре.

Оның айтуынша, жаппай қыдыру маусымы болғандықтан, жазда демалыс ақысы ушыға түседі екен. Дегенмен төрт қабырғаға таңылып отыруға тағы болмайды. Жарымкөңіл жандар "жол шығыны о баста төленсе екен" дейді бірауыздан.

Назерке Саниязова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!