Ұлыбритания өкілі мен Украина президенті сөйлесіп, екі ел арасындағы ахуалды талқылады. Сондай-ақ, ел үкіметі босқындарға қысты шетелде өткізуге кеңес берді. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі жағдайға шолу жасады.
Ұлыбританияның жаңа премьері Зеленскиймен сөйлесті
Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Риши Сунак Украина президенті Зеленскиймен сөйлесіп, Ұлыбритания тарапы Украинаны қолдайтынын растады. Ол Украинаға Ресейге қарсы күресте көмектесуге уәде берді, бірақ оның үкіметі күрделі қаржылық таңдау жасауы керегін ескертті.
"Премьер-министр Ұлыбритания Украинаны бұрынғыдай қолдайтынын және президент Зеленский ынтымақтасамыз деп сене алатынын айтты", - деді Сунактың баспасөз хатшысы.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский Риши Сунакты құттықтап, Киев негізгі әскери одақтас ретінде Лондонмен байланысты нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.
"Риши Судакты Ұлыбритания премьер-министрі қызметіне кірісуімен құттықтаймын!", - деп жазды Зеленский әлеуметтік желілерде.
Украина босқындарды көктемге дейін шетелде болуға шақырды
Украина үкіметі шетелге қашқан ерлер мен әйелдерден келесі көктемге дейін күтуін сұрады. Үкімет электрмен және жылумен жабдықтауға келтірілген әскери залалға байланысты осындай шаралар қабылдаған.
"Мүмкін болса, қалып, қысты шетелде өткізіңіздер. Ресейдің не істеп жатқанын көріп отырсыздар, бәрі көріп отыр. Жағдайдың нашарлайтынын түсінеміз және осы қыста аман-есен өткеруіміз керек", - деді вице-премьер Ирина Верещук.
БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары агенттігінің мәліметі бойынша, Ресей Украинаға басып кірген 24 ақпаннан бері Еуропа елдерінде 7,7 миллион украиналық босқын тіркелген. 4,4 миллионға жуық украиналық уақытша қорғаныс мәртебесіне ие болған.
ЕО Украинаның энергетикалық секторын қолдауға қаражат бөлуге шақырды
Еуропалық комиссия Еуропа Одағы елдері мен компанияларын Украинадағы энергетикалық секторды қолдау үшін көбірек ақша мен құрал-жабдық беруге шақырды. Себебі олардың үштен бірінен астамын ресейлік зымырандар мен дрондар жойған.
"Мыңдаған және он мыңдаған үй шаруашылығының, осал адамдардың, балалар мен қарттардың қорғанысы мен әл-ауқатына қауіп төніп тұр", - деді ЕО энергетика комиссары Кадри Симсон.
Люксембургтегі энергетика министрлерінің кездесуінен кейін сөйлеген сөзінде ол украиналық трансформаторлар, ажыратқыштар, электр желілері бұзылып, сөніп қалғанын айтты.
Симсонның айтуынша, жиналған 20,5 миллион еуродан да көп көмек қажет. Ол компаниялар сияқты жеке ұйымдарды да көп нәрсе жасауға шақырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!