Заңгер, банк саласының маманы Данияр Түймебаев қазақстандықтардың коллекторлар туралы кейбір түсініктерін жоққа шығарды, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
Заңгердің айтуынша, "Коллекторлық қызмет туралы" заң бойынша, коллекторлар борышкерлерге жұмыс күні ғана хабарласып, бір күн ішінде сағат 08.00-21.00 арасында 3 реттен көп қоңырау шалмауы керек. Сондай-ақ, борышкерлерді аптасына 3 реттен артық кездесуге шақыра алмайды дейді.
✖ Коллекторлар үйден қуып шыға алады
Заң бойынша, бұл коллекторлардың құзырына кірмейді. Егер де борышкер несие рәсімдегенде жалған мәліметтер бермесе, кредитті уақтылы төлеп келе жатып, белгілі бір жағдайларға байланысты оны төлей алмай қалып жатса, ешкім де борышкерді қылмыстық жауапкершілікке тарта алмайды.
Маманның айтуынша, кейде коллекторлар заңбұзушылық жасап, Желіде борышкерге қатысты құпия мәліметтерді жариялап, алаяқтыққа барып жатады. Сондықтан заңгер осыған ұқсас жағдайларда коллекторлардың өзін жауапкершілікке тартып, істі сотқа дейін жеткізуге болатынын айтады.
"Коллекторлық қызмет туралы" заңның 15-бабында да ("Коллекторлық агенттіктің мiндеттерi") коллектордың кредитордан, борышкерден және үшінші тұлғалардан алынатын мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті екені айтылады.
✖ Мүлікті тартып алуға құқығы бар
Әрине, коллекторлар телефон арқылы байланысқа шыға алмаған жағдайда міндетті түрде борышкердің үйіне барады. Оған құқығы бар. Яғни борышкердің банкпен келісімшарт жасасқанда көрсеткен мекенжайы бойынша оны іздеп баруға міндетті десе де болады. Бірақ үй иесінің рұқсатынсыз пәтерге кіру немесе тіпті ондағы мүлікті алып кетуге еш құқығы жоқ. Бұл - заңбұзушылық. Мұндай жағдайда коллекторларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады.
Борышкердің үйіне кіру үшін коллекторда арнайы хаттама тізімі болуы керек, ал мүлікке тыйым салатын болса сот приставы немесе соттың нақты шешімі болуы міндетті. Сондықтан бірінші кезекте өзін коллектормын деп таныстырғандардан қызметтік куәлік пен қажетті құжаттарды сұрау қажет. Бұдан бөлек, коллектордан пәтерге қандай негізде келгені туралы атқарушы құжатты талап еткен жөн.
✖ Коллекторлар ойына келгенін істей алады
Қазақстандықтардың көбі коллекторлардың ойына келгенін істей алады, яғни борышкермен дөрекі сөйлесіп, үркітіп, қорқыта алады деп ойлайды.
Бірақ расында олай емес. Коллекторлардың да басшысы бар, олар да белгілі бір адамға бағынады. Әрбір коллекторлық ұйымда кодекс бар, онда телефонмен қалай сөйлесу керектігінен бастап коллектордың міндеттері мен құқықтары көрсетіледі. Борышкермен сөйлескен барлық әңгіме жазылып отырады және оны басшылық бірден болмаса да, артынша тыңдап тұрады.
✖ Коллекторлар барлық борышкерге хабарласады
Коллекторлар несие алғандардың барлығына хабарласа бермейді. Олар көбіне несиесін 2, 3 немесе 4 ай уақыт төлей алмаған борышкерлермен жұмыс істейді. Барлық борышкерге қоңырау шалу ешкімге де тиімді емес. Мысалы, қарызын бір немесе екі апта төлей алмағандармен банктердің өз мамандары айналысады. Банк пен борышкер белгілі бір келісімге келіп, бастапқыда жасалған келісімшартқа өзгерістер енгізе алады.
Заңгердің айтуынша, банктерге борышкерлердің ісін коллекторларға беру аса тиімді емес.
✖ Тек қатаң әдістерді қолданады
Кәсіби коллекторлар ешқашан заң бұзбайды. Олардың тек борышкердің үйіне келіп, туыстарына, таныстарына қоңырау соғуға құқығы бар. Бірақ соңғы уақытта коллекторлар Интернетте алаяқтықпен айналыса бастады. Олар құқыққа қайшы әрекеттерге барады - яғни, қолдағы бар мәліметтерді қолданып, оларды Желіге, аялдамаларға, дүкендерге жапсырып кетеді.
Басшылық оларға әрбір қайтарылған қарыз сомасының белгілі бір бөлігін беруге уәде береді. Сондықтан олар осындай қулықтарға барып жатады.