- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мүлік құқығынан қалай...
Мүлік құқығынан қалай бас тартуға болады? Заңгер жауабы
Қазіргі таңда ортақ мүлік құқығына байланысты бірнеше дау туындап жатады. Ерлі-зайыптылар ажырасқан соң меншігіндегі ортақ мүлікті бөлісе алмаса, балалар ортақ меншік құқығынан бас тартқысы келетінін айтып жатады. Осы орайда Massaget.kz тілшісіне заңгер Альбина Бақтиярқызынан ортақ мүлікке не жататыны және оның кімге, қалай бөлінетіні туралы айтып берді.
Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне не жатады?
"Неке және отбасы" Кодексінің 33-бабына сәйкес, ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкіне құқық некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңінде үй шаруашылығын жүргiзудi, балаларды бағып-күтудi жүзеге асырған немесе басқа да дәлелдi себептермен жеке табысы болмаған жұбайға да тиесiлi болады.
Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне билiк ету жөнiнде ерлi-зайыптылардың бiреуi мәмiле жасасқан кезде, екiншi жұбайының келiсiмi қажет болады. Екінші жұбайдың тек қана оның талап етуі бойынша оның келісімі болмаған себептері бойынша және егер басқа тарап осы мәмiленi жасасуға екінші жұбайдың келiспеуі туралы бiлгендiгi немесе көріне бiлуге тиiс болғандығы дәлелденген жағдайларда ғана сот ерлi-зайыптылардың бiреуiнің ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне билік ету жөнiнде жасасқан мәмiлені жарамсыз деп тануы мүмкiн.
Ерлi-зайыптылардың бiреуi жылжымайтын мүлікке иелік ету жөнінде мәміле және нотариатта куәландыруды және (немесе) заңда белгіленген тәртіппен тіркеуді қажет ететiн мәмiле жасасуы үшiн екінші жұбайдың нотариатта куәландырылған келiсiмiн алу қажет.
Балалар ортақ мүліктен бас тарта ала ма?
Кәмелетке толмаған балалар ерлі-зайыптылардың бірлесіп тапқан мүлкінен бас тарта алмайды, себебі олар оның меншік иесі болып табылмайды. Бірлесіп тапқан мүлік тек ерлі-зайыптыларға тиесілі, ал оның бөлінуі (мысалы, ажырасу жағдайында) заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Кәмелетке толмаған балалардың тек қамтамасыз ету және тұру құқығы болуы мүмкін, бірақ олар ата-аналарына тиесілі мүлікке иелік ете алмайды.
Егер отбасында мүлікті бөлу орын алса, кәмелетке толмағандардың мүдделері сотта ескерілуі тиіс. Алайда, бірлесіп тапқан мүлікке меншік құқығы ата-аналарға тиесілі болып қалады, және балалар одан бас тарта алмайды немесе оны қандай да бір жолмен бөле алмайды.
Ажырасу кезінде ортақ мүлік қалай бөлінеді?
Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу ерлi-зайыптылардың кез келгенiнiң талап етуі бойынша некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде де, ол бұзылғаннан кейiн де, сондай-ақ кредит берушi ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң үлесiнен өндiрiп алу үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы талабын мәлiмдеген жағдайда да жүргiзiлуi мүмкiн.
Олардың ортақ мүлкі келісім арқылы, нотариаттың куәландыруымен бөлінеді. Ал дау туындаса, тек сот тәртібімен жүргізіледі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы