"Мүлдем тазартылмайды": Ақтөбелік тұрғындар тазартылмаған қарға наразылықтарын білдірді

"Мүлдем тазартылмайды": Ақтөбелік тұрғындар тазартылмаған қарға наразылықтарын білдірді

Ақтөбеде соңғы үш күн бойы қар жауды. Ал қала қардан тазартылмай жатыр. Тұрғындар қардың уақытында алынбағанына наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Соңғы үш күнде қалаға мол қар түсті. Тұрғындар қарға омбылап жүр. Көліктер батып жатыр. Қаланың орталық көшелері болмаса, шағын аудандарында тіпті қар аршылмаған. Тұрғындар аулаларының алдындағы қарды өздері тазартады. Ал көшеде қар тау болып үйіліп жатыр. Мәселен, қаланың Мәскеу секілді аудандарының халқы алаңдаулы. Себебі қар алынбаса, көктемде су басып, жүру мүмкін болмайды. Тұрғындар жанайқайларын әлеуметтік желі арқылы да жеткізіп жатыр. Мәселен, қала іргесінде Ақжар-2 шағын ауданының тұрғыны Еркебұлан Бабасов үш күннен бері қар тазартылмағанын айтады.

"Асфальт төселген үш көше бар, соны ғана тазалап кетеді. Ал сол көшелерге қатар, көлденең тұрған көшелердің қары аршылмайды. Ол жерде де халық тұрады. Ауданның арғы бөлігінде Ақжар+ секілді жаңадан салынған тұрғын үй алабы бар. Ол жақта мүлде қар тазартылмайды. Оларда тұрып жатқан халықтың қалай жүріп жатқаны белгісіз. Бүгін таңертең шықтым. Көшеде батып жатқан 5 көлікті көрдім. Қаланың іргесінде тұрамыз, жағдай қиын. Мектептің алды да тазартылып жатқан жоқ", - дейді Еркебұлан Бабасов.

Тұрғындар қар аршуға жауапты мекемелердің техниканы сайламайтынына да наразы.

"Біз Африкада тұрып жатқан жоқпыз. Жауапты мекемелер қыс болатынын, қар жауатынын біледі. Қысқа дайындық болуы керек қой", - дейді қала тұрғыны.


Аталған мәселе бойынша Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласты. Баспасөз хатшысы Айгүл Байменованың айтуынша, қазіргі таңда қала бойынша қар тазарту жұмыстарымен 14 мердігер мекеме айналысып жатыр. Бүгін таңертең 200 техника мен 200-ден астам жұмысшы автожолдарды тазартуға шыққан.


"Қар үсті-үстіне жауып жатыр. Жұмысшылар екі ауысым бойынша, тәулік бойы дамылсыз қар аршумен айналысуда. Қалада 637 шақырым жол бар. Оның ішінде 54 елді мекен бар. Сондықтан қар қалың жауған кезде бірінші кезекте автобус, қоғамдық көлік жолдары, көпір, бұрылыстар тазартылады. Яғни көлік нөпірі көп жерлер бірінші қардан аршылады. Содан кейін екінші деңгейлі көшелер тазартылады", — деді Айгүл Байменова.


Ал қаланың елді мекендеріндегі автобус жүретін көшелер тазартылған. Жалпы қалада қар шығарумен айналысатын мердігер мекемелердің жұмысына көпшіліктің көңілі толмайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы