“Мұқият қадағалап отырмын“. Президент Конституциялық комиссия отырыстары туралы айтты

“Мұқият қадағалап отырмын“. Президент Конституциялық комиссия отырыстары туралы айтты
Фото: t.me/consot_kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия отырыстарында Ата Заңымызға қатысты көптеген прогрессивті, инновациялық ұсыныс берілгеніне назар аударды.

"Халықтан түскен ұсыныстарды жүйелеп, жинақтау үшін Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына барлық аймақтың өкілдері мен түрлі санаттағы азаматтар, халық қалаулылары, орталық атқарушы органдардың басшылары, құқықтанушы ғалымдар, тіл мамандары және белсенді жастар кірді. Қоғам өкілдерін қамту ауқымы, кәсібилік пен азаматтық жауапкершілік тұрғысынан алғанда, мұндай комиссия елімізде бұрын-соңды болмаған деп сеніммен айтуға болады", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, комиссия жұмысы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін берген.

"Комиссия мүшелері конституциялық реформаға қатысты әр мәселені егжей-тегжейлі қарап, жан-жақты талқылап, ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Осыған дейін комиссияның 5 отырысы өтті. Оның бәрі әлеуметтік желіде тікелей эфирден көрсетіліп, ақпарат құралдары арқылы кеңінен таратылды. Мен талқылау барысын мұқият қадағалап отырмын. Осы орайда, Ата Заңымызға қатысты көптеген прогрессивті, инновациялық ұсыныс берілді деп сеніммен айта аламын. Түптеп келгенде мұның бәрі еліміздің Ата Заңына негіз болады. Бұл әлемде қалыптасқан қазіргі күрделі кезеңде біртұтас Қазақстан халқына бағыт сілтейтін маңызды құжатқа айналады деп сенемін", - деді Тоқаев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget