- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мұқаев Дәулетке 20...
"Мұқаев Дәулетке 20 миллион теңге бөлген". Құрылыс компаниясына алданған тұрғындар оқиғасына қатысты жаңа ақпарат белгілі болды
Депутат Дәулет Мұқаевтың жарнамасына сеніп, құрылыс компаниясына алданған тұрғындар оқиғасына қатысты жаңа ақпарат белгілі болды. Maх Bet компаниясының директоры Берік Нұрмағанбетовтың адвокаты "Астарлы ақиқат" бағдарламасына Мұқаев Дәулетке жарнама үшін 20 миллион бөлінгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматыда 50-ден аса салымшы арзан бағада пәтер аламыз деп сан соғып қалған. Айтуларынша, компанияның жарнамасын @dauletten яғни сол кездегі блогер Дәулет Мұқаевтың парақшасынан көріпті. Менің атымнан барсаңыздар 20 пайыз жеңілдік, - деген қазіргі мәжіліс депутатының сөзіне жұрт имандай сеніп, бар ақшасын берген. Алайда DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмай жатып тоқтапты. Тұрғындардың сөзінше жауапты компанияның әуелбаста үй салуға рұқсат қағазы болмапты.
Амалы таусылған бұқара депутат Дәулет Мұқаевтың жарнама жасағанын айтып мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа хат жолдаған. Келген жауапта ҚР Парламенті Мажілісі төрағасының жанынан құрылған Депутаттық әдеп кеңесі отырысында мәселе қаралды депті.
"Кеңес мүшелері мәселені жан-жақты талқылады. Күн тәртібіндегі қаралған мәселе бойынша депутат Мұқаев Дәулет Төлеутайұлы ауызша және жазбаша түсініктеме берді. Жарнамаға қатысты болған жайғдайды баяндай келе, Депутат Д. Т. Мұқаев өзі де жарнама берсе жеңілдік жасалады дегеннен кейін Мах Bet PV2 ЖШС салып жатқан DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінен 2 бөлмелі пәтеріне салымшы ретінде тіркелгенін мәлімдеп, осы бойынша жасалған келісім-шартты көрсетті. Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде депутаты тәртіптік жауапқа тарту негізсіз", - делінген хабарламада.
Алайда "Астарлы ақиқат" бағдарламасында Maх Bet компаниясының директоры Берік Нұрмағанбетовтың адвокаты Мұқаев Дәулетке жарнама үшін 20 миллион бөлінгенін айтты.
"Ол өзінің жауабында аяқ жағында жазады: Алматыдағы, Астанадағы үйлерді халыққа жарнамалау үшін Мұқаев Дәулет Төлеутайұлына 20 миллион теңге ақша бөлген. Мұқаев Дәулет деген менің түсінгенім Мәжілістің депутаты ғой. Соған 20 миллион теңге ақша бөлген. Оны Дәулет Мұқаевқа беремін деп Икен Дархан деген алып кетті дейді. Ол оны берді ма, бермеді ма мен білмеймін. Икен Дархан деген осы іс бойынша тартылған азаматтың бірі", - дейді адвокат Шынқуат Байжанов.
Заңгер Мейірман Шекеевтің айтуынша, егер танымал тұлғалар ақы алса, олардың бұл әрекеті жарнама болып есептелінеді.
"Егер Дәулет пен Төреғали ақы алған болса, бұл жарнама болып есептеледі. Сондықтан оларды жауапкершілікке тарту керек. Олардың үстінен арыздар жаза беріңіздер. Өйткені сіздер оларға сендіңіздер. Депутат болсын, басқа болсын қылмыстық жауапкершілікке бәрі бірдей жауапты", - деді Мейірман Шекеев.
Еске салайық, бұған дейін тілшіміз Maх Bet компаниясына алданған тұрғындармен сөйлесіп келген болатын. Толығырақ мына жерден оқи аласыздар.
А. Жапатова