Мұқабасы адам терісінен жасалған кітап не жайлы екені әлі жұмбақ

Мұқабасы адам терісінен жасалған кітап әлі де зерттеліп жатыр. Бұл туралы "Анадолу" агентігіне Ұлттық академиялық кітапхананың ғылым бөлімінің сарапшысы Мелдир Төлепбай айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қолжазба Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана жанындағы сирек басылымдар мұражайында қойылған. Адам терісінен тігілген ежелгі латын қолжазбасы Қазақстан мұражайында жұмбақ күйінде қалып отыр.

Фото: "Анадолу"

330 беттен тұратын ежелгі латын тіліндегі кітап 1532 жылдан басталады деген болжам бар, бірақ бүгінге дейін оның тек 10 беті зерттелген. Мөлдір Төлепбайдың сөзінше, қолжазбаны кітапхана қорына 2014 жылы жеке коллекционерлердің бірі сыйға тартқан және содан бері мұражайда жатыр.

Оның айтуынша, кітапты түптеу әдісі ғасырлар бұрын кең таралған және бүгінде мұндай әдіс қолданылмайды.

"Бұл экспонатты тамашалауға көп адам келеді. Кітаптың мұқабасы антроподермиялық байланыстыру деп аталатын әдіспен жасалған, яғни адам терісінен жасалған", - деді Төлепбай.


Фото: "Анадолу"

Сарапшы қолжазба мұқабасы елдің ғылыми зертханаларында зерттелгенін атап өтті.

"Зерттеулер Астанадағы Ұлттық Медицина ғылымдары орталығының зертханасында жүргізілді. Қолжазбаның мұқабасы үшін адамның арқасындағы тері қолданылған деген қорытынды жасалды", - деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, қолжазбаның мазмұны әлі күнге дейін жұмбақ.

"Петрус Пуардус есімді Италияның солтүстігіндегі нотариусқа тиесілі қолжазба 1532 жылы Ежелгі латын тілінде жазылған. Жалпы, кітап 330 беттен тұрады, бірақ қазіргі уақытта сарапшылар алғашқы 10 бетті ғана оқи алды", - деді Мөлдір Төлепбай.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!