• 498.76
  • 490.7
  • 5.73

“Мүжілген сүйектей мүшкіл халге жетті“. Депутат Зайытов жабылған ауылдар туралы дабыл қақты

Фото: Видео кадры

Мәжіліс мінберінде депутат Ринат Зайытов жабылып қалған ауылдардың тағдыры туралы сөз қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады. 

"Қайырымсыз баласы қаңғыртып жіберген қарияның күнін кешкен ол - біздің ауылдар. Қажет инфрақұрылым, сапалы медицина мен білім, тұрақты жұмыс пен табыс, тіпті қарапайым интернет жоқтығынан 34 жылдың ішінде өз туған ауылын амалсыздықтан аз адам тастаған жоқ. Соның салдарынан қаншама ауылымыз "мүжілген сүйектей" мүшкіл халге жетіп, жабылып қалды", - деді депутат.

Депутаттың сөзінше, кейінгі 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалған. 2024 жылдың өзінде СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен айырылған.

"Көзіңе еріксіз жас, көңілге мұңды күмән ұялататын статистика. Бұл жай ғана ауылдардың сандары емес, мыңдаған отбасының туған жері, ұшқан ұясы, өмірінің тарихы ғой. Ауыл деген жай жаба салатын есік емес, қазақтың алтын бесігі екенін неге ұмыттық?" - деп ашынды ол.

Депутаттың пікірінше, кейбір ауылдарда тұрғындар өз күнімен қандай да бір іс бастайын десе, кедергі өте көп, мал бағып, егін өсірейін десе, жері, кәсіп бастайын десе, қаржысы, қажет инфрақұрылымы да жоқ.

"Тұрғындарын былай қойып, ауылдың әкімінде де қарапайым қажеттіліктерді өтейтін бюджетте техника да, пәрмен де жоқ. Ауылдарды осындай күйге жеткізген соң, ауыл халқына неге көштің деп қай бетімізбен айтамыз? "Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар" дегенді бәріміз білетін шығармыз?" - деді ол.

Оның сөзінше, алдағы уақытта Абай облысы Аягөз ауданында да 10-нан аса ауыл жабылғалы жатыр.

"Оның алдын алуға талпынып жатқан бір лауазымды тұлға жоқ. Қазақ өз тамырын өзі балталаса, қалай гүлдемек?! Жоқ, әлде, бұл әрекеттердің арғы жағында халықтың бәрін мәжбүрлі түрде қалаға көшіру керек деген жымысқы саясат бар ма? Ауылдарды сақтау әрекетін қашан жасаймыз? Ауыл болмаса қазақ, қазақ болмаса мемлекеттің де болмайтыны анық қой", - дейді Зайытов.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қанша ауыл жойылу алдында тұрғаны жөнінде материал жарияланды. 

Анықтама: 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 6208 ауылдық елді мекен бар.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова