Мұхтар Тілеуберді сыртқы істер министрі болып тағайындалды

Мұхтар Тілеуберді сыртқы істер министрі болып тағайындалды
Фото: gov.kz

Мұхтар Тілеуберді сыртқы істер министрі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", - деп жазылған хабарламада.

Мұхтар Тілеуберді туралы не белгілі?

Мұхтар Тілеуберді 1968 жылы дүниеге келген. Сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка институтында, Йенсе университеті (Корей Республикасы) жанындағы Тілдер институтында тәжірибе алған.

Оқуды аяқтағаннан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да философия тарихы және қытай филологиясы кафедраларында жұмыс істеген.

Дипломатиялық қызметін 1993 жылы атташе лауазымынан бастаған. Орталық аппараттағы жұмыс барысында Азия елдері басқармасының үшінші хатшысы, Азия департаментінің бірінші хатшысы, Екіжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы қызметін атқарды.

Қазақстанның Корей Республикасындағы елшілігінде екінші хатшы және Израиль мемлекетіндегі елшілігінде кеңесші болып жұмыс істеді. Президент әкімшілігінде Мемлекеттік хатшының сыртқы саясат мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып жұмыс істеді.

2003 жылы сыртқы істер вице-министрі болып тағайындалды.

2004 жылы еліміздің Малайзиядағы елшісі болды, 2005 жылдан бастап Индонезия Республикасы, Бруней Даруссалам және Филиппин Республикасындағы елшісі қызметін қоса атқарды.

2009 жылы Қазақстанның Швейцария Конфедерациясындағы елшісі болып тағайындалды және Лихтенштейн Княздігі мен Ватикан мемлекетінде елші қызметін қоса атқарды, сонымен қатар, Женевадағы БҰҰ бөлімшесінде және басқа да халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі болды.

2015 жылы Қазақстанның Иерусалимдік Әулие Иоанн Егеменді Әскери Госпитальерлер Ордені жанындағы, Родостағы және Мальтадағы елшісі болып аккредиттелді.

2016-2019 жылдары сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болған.

2019 жылғы қыркүйекте сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалды.

2021 жылғы қаңтардан бастап 2023 жылғы сәуірге дейін премьер-министрдің орынбасары - cыртқы істер министрі қызметін атқарды.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі болды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget