Әйгілі ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі растады.
"Ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтуіне байланысты отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына, қалың қазақ жұртына қайғыра көңіл айтамыз. Мұхтар Шаханов шоқтығы биік шығармалар жазып, поэзияны азаматтық ұстанымымен ұштастыра білген біртуар тұлғалардың бірі еді. Қоғамдағы күрделі мәселелерге үн қосып, ел мен жер тағдырына қатысты ойлы да отты пікір айтып, өзіне ғана тән азаматтық биік ұстанымның үлгісін көрсетті. Мұхтар Шахановтың қайсар мінезі, өр рухы, әділет жолындағы табандылығы мен елдік мүдде алдындағы адалдығы жұрт жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын!" - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ол - ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері (2022 ж.), Қазақстанның Халық жазушысы (1996 ж.), Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994 ж.).
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың денсаулығы сыр бергені, жансақтау бөлімінде жатқаны туралы ақпарат тарады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!