«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Қарағанды облысында болды, деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің ресми ақпараттық порталы.
Сапар барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру сапасын тексерді, индустриалдық және агроөнеркәсіптік салалардың даму қарқынына бағасын берді, партия активімен кездесті, сондай-ақ, политехникалық колледж бен Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне барды.
«Нұр Отан» партиясы басымдық берілген мемлекеттік бағдарламалардың өңірлерде жүзеге асу қарқыны мен сапасын әрдайым бақылап отырады. Солардың ішінде «Агробизнес-2020» бағдарламасы партияның жіті қадағалауында. Бұл бағдарлама аясында мемлекет ауыл шаруашылығына 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлді.
Аталған бағдарлама арқылы аумағы бойынша еліміздің ең үлкен өңірі – Қарағанды облысында «Нәтиже» сүт фабрикасы қайта жаңғыртылды. Мемлекет тарапынан берілген 180 миллион теңгелік инвестиция кәсіпорынға шығаратын өнім түрлерін 30-ға дейін көбейтіп, ай сайынғы көлемді 1300 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осы жылдың басынан бастап әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштеріне жүргізілген мониторинг нәтижесінде Орталық Қазақстанда оң өзгерістер байқалатынын атап өтті.
Облыс жалпы аймақтық өнімнің өсу қарқыны бойынша республикада 4-орында тұр. Өнім көлемі – 1 трлн. 21 млрд-тан астам теңгені немесе 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 138 пайызды құрады.
Сонымен қатар, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, жез, марганец, алтынды, темір және қорғасын-мырыш кенін өндіру де артты.
Өндеу өнеркәсібінде шығарылатын өнімнің көлемі 5,5 пайызға көбейді. Бұл саладағы еңбек өнімділігі 30 мың доллардан асып, өткен жылға қарағанда, 4,7 пайызға өсті (республика бойынша ең жоғары көрсеткіш).
Мұхтар Құл-Мұхаммед облыстағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «Имсталькон» металлконструкция зауытында болды. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары зауыт жұмысшыларымен кездесуінде мемлекеттік индустриалдық бағдарламалар аясында соңғы бес жылда өңірде 174 миллиард теңгенің 72 жобасы жүзеге асқанын айтты. Соның арқасында 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Индустрияландырудың екінші бесжылдығында 1 триллион 200 миллиард теңгенің 36 жобасын іске қосу жоспарланған. Бұл 6 жарым мыңнан астам жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді.
«Сарыарқаның қақ төрінде орналасқан Қарағанды еліміздің ең ірі индустриалдық орталығы болып саналады. Бұл Елбасымызды шарболаттай шыңдаған өңір. Биыл облыс Президенттің қамқорлығы арқасында өнеркәсіптің көптеген салалары бойынша едәуір өсуге қол жеткізген. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай», – деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Қарағанды политехникалық колледжінде өткен кездесу тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне арналды.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасымен ЖОО және училищеге оқуға түсе алмай қалған мектеп түлектерін кәсіби даярлау мен жұмысқа орналастыру бойынша ауқымды республикалық жоба қолға алынғанын хабарлады. Партия еліміздің әр өңіріндегі жағдайды жіті зерттеп, көмекке мұқтаж 10 мыңға жуық жасты анықтады. «Нұр Отан» олардың барлығына қолдау көрсетеді.
Атап айтқанда, жастарды жұмысшы мамандықтары бойынша оқытып, мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғызылып жатқан нысандарға жібереді. Мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Мәселен, қазіргі таңда Қарағандыда 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып қалды. Осы құрылыста жұмыс істеген көптеген жұмысшылар мұнда облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы келген. Мектеп «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынды. Бұл бағдарлама шеңберінде Қарағандыда осы жылдың өзінде құны 41 миллиард теңге болатын 20 нысан қолданысқа берілуі тиіс.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы құзырлы қызметтер мен ведомстволарды жұмылдыру арқылы күн сайын бақылауға алынуы қажет екенін атап өтті. Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облыстық филиалына осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ, партия фракциялары мен барлық деңгейдегі мәслихаттар жанындағы қаржыны жұмсауды бақылау жөніндегі комиссия жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырды.
Облыс активімен кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Қарағанды облысының республикамыз бойынша айрықша маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта атқарылар негізгі жұмыстарға назар аударды.
Мұхтар Құл-Мұхаммед орталық Қазақстанға сапарының соңында Е.Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетіне барды. ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесу Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.