Мұхтар Әуезов Американың мәдениеті туралы: “Жас буынды жабайылық бағытта баулығандай“

Мұхтар Әуезов Американың мәдениеті туралы: “Жас буынды жабайылық бағытта баулығандай“
Фото: Massaget.kz

Мұхтар Әуезов көзі тірісінде бір айға жуық Америкаға іссапармен барған. Жазушы "Америка әсерлері" очеркінде Нью-Йорк театрлары, киносы және тағы басқа мәдениеті туралы жазған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жазушы Америкадағы бір айға жуық сапарының тоғыз күнін Нью-Йоркте өткізген. Бұл қалада көргені мен білгені, түйгенін "Америка әсерлері" очеркінде баяндаған. 

"Мол және өте бір залалды ықпалы көп Америкадағы жас буын атаулыны анық, айқын жаман аздыратын мол бір суреттер тағы бар. Олар бұзықтыққа, қан төгуге, адамды адам иттей талауға арналған және сол жайлар өзінше көрер көзге қызық, қыздырмалы оқиға болып қалыптанатынын көресіз. Бұлар нағыз Американың көп айтылатын "Комиксы" дейтін кино суреттерінің, телефильмдерінің (телевизор) мол-мол тобына жатады" деп жазды жазушы очеркінде. 

Мұхтар Әуезов Америка жастарының ерекшелігіне таңғалып, оларды да суреттеген.

"Сахнада бір сұмдық болып жатса, залда отырған балалар мінездері мен қылықтары одан да өткен сұмдық тәрізденді. Бұл балалар толған зал әрбір өлім тұсында шулап, мәз бола күлісіп, қол соғып, аяқтарымен тақтай тепкілеп, өлтірушінің ісіне қызығып, кәдімгі қоянға тазы итін қосып айтақтатқан аңшылардай болысты. Барлық өлім оларға киносуреттің тапқызбас қызығындай қызу әсер етті. Ірку, іркілу, қорқу-жирену жоқ, қызығу да қызықтау - жас балаларға бүгінгі Американың көп кино суреттерінің беріп жатқан жан жемі осындай болды да, оны қабылдау да жаңағыдай. Және балаларға сол кинодағы жаңағы суретке билет арзандаған бағамен сатылады, делінген қолжазбада. 

Айта кетейік, 1960 жылы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов КСРО-дағы бірнеше әріптесімен АҚШ Мемлекеттік департаментінің шақыруымен Америкаға сапарлаған. Әуезов Нью-Йорк, Вашингтон, Аризона мен Калифорния штаттарын бір ай бойы аралап, көрген-білгендерін осы "Америка әсерлері" деп атаған жолжазба жинағына түсірген.

"Бұл көргеніміз, мұндағы еріксіз сезгеніміз бүгінгі Американың бүгінгі бар мәдениетінің сыртқы көркі, техникасы, барлығы, байлығы қатарында мынадай жас буынды жабайылық, қанқорлық, жыртқыштық бағытта баулығандай сұмдық аңғарылады. Солай болмасқа, ойламасқа шара да жоқ. Өйткені бұл біздің көргеніміз бір суреттің тұсында, бірер кинотеатрда ғана емес, ол Нью-Йорк, Вашингтон, Лос-Анжелос, Бостон сияқты үлкенді-кішілі қалалардың бәрінде, барлық кино мен телеэкранның бәр-бәрінде жүріп жатқан күндегі көптен-көп шығармалар. Оларды жасаушылар арасында үлкен конкуренция - бәсеке де бар. Сондай суреттерді туғызумен үлкен капиталдар құрап жатқан компаниялар да бар. Олар Америкада не жазса да болады, не туғызса да болады, қандай кино жасаса да бөгет жоқ, цензура жоқ деген сымақтарды сылтау, арқа тіреу етеді. Сөйтіп, жас буынды жаман, сұмдық, бұзықтық, жыртқыштыққа көзін үйретіп, көңілін көндіріп, әдейілеп бастай баулиды. Міне, Америка көркемөнері аталатын әлемнің ішінен осындай да өнер болмыстың пішінін көрдік" деп жазды ол еңбегінде.

Еске салайық, Мұхтар Әуезовтің "Америка әсерлері" кітабы алғаш рет 2022 жылы ағылшын тіліне аударылған болатын. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Ибраева