Компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА Банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырған, Мұхтар Әблязовтың сыбайласы әрі нағашы ағасы Нұрғазин Қуаныш туралы не белгілі? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Нұрғазин Қуаныш кім және ол Мұхтар Әблязовқа қалай туыс?
Нұрғазин Қуаныш - Әблязов басқаратын BSC ЖШС-ның номиналды директоры. Сондай-ақ, ол - Мұхтар Әблязовтың анасы Рауза Төлепбергенованың туған інісі, яғни Мұхтар Әблязовтың нағашы ағасы. Ол 12 жыл бойы Литва аумағында жасырынып, сол жерде босқын мәртебесін алған. Оның жасы 73-тен асқан.
Нұрғазин Қуанышқа қандай айып тағылды?
Ол - Әблязов басқаратын BSC ЖШС-ның номиналды директоры. Мұхтар Әблязов және оның сыбайластары осы компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА Банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырған. Нұрғазин сотталушы бола тұра, ешқайда кетпеу туралы міндеттемесін бұза отырып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында соттан жасырынған. 12 жыл бойы Литва аумағында жасырынып, сол жерде босқын мәртебесін алған.
Нұрғазин Қазақстанға өз еркімен оралуға ниет білдірді. 2023 жылғы 24 шілдеде паспорттық бақылаудан өткеннен кейін ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Нұрғазин Қуаныш қазір қайда?
Сотталушының өтініші бойынша Нұрғазиннің жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, 2023 жылғы 25 шілдеде сот оған бұлтартпау шарасын үйқамаққа алу деп өзгертті. Жақын арада басты сот талқылауы қайта басталады. Оның жауапкершілігінің көлемін сот айқындайтын болады.
Нұрғазин Қуаныш елге неге оралды?
Мұхтар Әблязовтың айтуынша, оның нағашы ағасы туған жердің топырағын аңсаған. Кейінгі кезде Нұрғазин Қуаныштың денсаулығы күрт нашарлап кеткен. Ол жүрегіне, аяғына, қолына жасалған отадан аман қалған. Мұхтар Әблязов ағасының туған жерінде жерленгісі келетіндіктен елге оралу туралы шешім қабылдағанын айтты.
Еске салайық,бұған дейін Мұхтар Әблязовтың сыбайласы, нағашы ағасы Нұрғазин Қуаныштың ұсталғанын хабарлаған едік. Ол Литвадан Қазақстанға өз еркімен оралған.
Айта кетейік, Қазақстанда Әблязов БТА банктен 7 миллиард долларға жуық ақша жымқырғаны үшін сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырылды, ал 2018 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!