- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мұхтар Әблязов Франциядан...
Мұхтар Әблязов Франциядан экстрадициялануы мүмкін - БАҚ
EU Reporter басылымы Францияның босқындар ісі жөніндегі соты Мұхтар Әблязовтың ісін қарауға дайындалып жатыр деген мақала жариялады, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
"Әблязовтың ұзаққа созылған оқиғасы Францияның босқындар ісі жөніндегі ұлттық сотына дейін жетті. Сот жақын уақытта қашқын олигархтың тағдырын шешеді. Сотта Әблязовтың босқын ретінде Францияда қалу мәселесі немесе алаяқтығы бойынша экстрадициялануы қаралады", - делінген мақалада.
Paris Match зерттеуінше, егер сот экс-банкирді Францияда саяси босқын ретінде қалдырса, бұл француз саясаткерлерінің алаңдаушылығын тудырмақ, өйткені Францияның Қазақстанмен қорғаныс және уран саласында маңызды келісімшарттары бар. Сонымен қатар Франция үкіметі сот саяси босқын берген жағдайда екі елдің арасы бұзылады деп қауіптенеді.
Еске салайық, Қазақстанда Әблязов БТА банктен 7 миллиард долларға жуық ақша жымқырғаны үшін сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырылды, ал 2018 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
2012 жылдың ақпанында Англияның Жоғарғы соты Мұхтар Әблязовты қамауға алу туралы шешім шығарған. Мемлекеттік мекеменің мәліметінше, ол бірнеше рет жалған айғақ беріп, сотқа жалған құжаттар ұсынған, сол арқылы активтері мен операциялары банктен жасырылған, сонымен қатар сот отырысына келмеген.
Әблязовқа Ресей мен Украина да қаржы жымқырды деген күдікпен іздеу жариялады. Қазан айында экс-банкирдің Францияда сот бақылауында екені белгілі болды.
Г. Досымшалова