Әлеуметтік желі қолданушысы Freedom Finance Bank-тің мобильді қосымшасы қазақ тілінде қызмет көрсетпейтінін айтты. Сондай-ақ, ол банктің операторына хабарлама жолдап, мобильді қосымшада неге қазақ тілі жоқ екенін сұраған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Freedom Bank әдеттегідей ең үлкен қателікпен диалог бастады. Сонда қазақ тілі яғни мемлекеттік тіл ыңғайсыз тіл болғаны ма?", - деді Facebook қолданушысы.
Сондай-ақ, ол неліктен телефонға sms-тер де тек орыс тілінде келетінін сұраған.
"Барлық ұлт өкілдеріне ыңғайлы болу үшін ұлтаралық орыс тілі қолданылады", - деп жауап берілген банктің WhatsAрр желісінде.
Бұл жазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
"Бекер. Мухоряповтан сабақ алмадыңдар ма?" - деп жазды Ілия Мыңжасаров есімді қолданушы.
"Нанымызды адал, тілімізді арам, ыңғайсыз қылған, бассыздыққа жол бергендер, арампиғыл, намыссыздар!", "Придом пинанс катырды", - дейді өзге де әлеуметтік желі қолданушылары.
Бұл мәселеге қатысты банктің баспасөз қызметі өкілі пікір білдірді.
"Біздің өнімдер мен сайтымыз мемлекеттік тілде қолжетімді. Олармен қоса хабарламалар да. Қолданыстағы қосымшаға келетін болсақ, ол техникалық жағынан ескірген және заман талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан қосымшада қазақ тіліне ауысу үшін бірнеше қадамды орындау қажет. Осы себепті қазір біздің барлық ресурсымыз банктің барлық қажет жақтарын ескеретін мүлдем жаңа қосымшасын іске қосуға бағытталған. Қазіргі қолайсыздықтар үшін және қолдау көрсету қызметіндегі әріптесіміздің келіспейтін жауабы үшін клиенттерімізден кешірім сұраймыз. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін қызметкерлерімізбен қажет жұмыс жүргізіледі", - делінген банктің Massaget.kz-ке берген ресми жауабында.
Еске салайық, бұған дейін кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың да қазақ тіліне қатысты айтқан мәлімдемесі Желіде дау туғызған болатын. Қазнетте кәсіпкердің жиындардың бірінде шетелден келіп жатқан ресейліктерге оларды түсіне тұра, қазақ тілінде жауап беру "біртүрлі әрі ұлтшылдықтың белгісі" екенін айтқан видеосы тараған еді. Қазақстандықтар кәсіпкердің бұл мәлімдемесіне наразы болды.
@massaget.kz #тіл#рамильмухоряпов#тіл#қазақтілі#орыстілі#мәдениет#жаңалық#рек#chocofamily#кәсіпкер#хочув ♬ оригинальный звук - Massaget.kz
Алматы Полиция департаменті Рамиль Мухоряповтың ісі бойынша әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық және діни алауыздықты қоздырғаны туралы деректі тексеру үшін соталды тергеу жүргізді. Ал кейін полиция қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім шығарғандарын хабарлады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!