Chocofamily компаниялар тобының негізін қалаушы Рамиль Мухаряповтың қазақ тілінің қолданысы жайлы айтқан дау-дамай пікірінен бері бір аптаға жуық уақыт өтті. Бірақ белгілі кәсіпкер компаниясының өнімі мен қосымшаларын, коммерциялық әлеуметтік желі парақшаларын әлі қазақшалаған жоқ. Қазақшалаймын деп уәде бергенімен, әлі орындамаған. Уәдесін орындауға енді небары 10 күні ғана қалған көрінеді.
Бұл жайлы Massaget.kz тілшісі Qazaqsha Jaz қозғалысының өкілі Қуатбек Дүйсеннен сұрап білді.
"Рамиль Мухаряповқа компаниясының тұтынушыларының құқығын қорғау үшін қазақ тіліне мән беруін өтініп, біз екі рет шағымдандық. Біріншісі, 2020 жылы жазда болды. Қозғалыс мүшелері Chocofamily компаниясының әлеуметтік желідегі парақшаларына жаппай пікір жазып, қазақ тілінде контент жасауын, сол арқылы тұтынушылардың құқығын орындауын өтіндік. Бірақ парақшаның SMM-мамандары біз жазған қазақша пікірлердің бәрін өшіріп тастады. Бұдан іс өнбейтінін түсініп, Рамиль Мухаряповтың тікелей өзіне шықтық. Жан-жақтан тегтеп, жазбаларына пікір жазып, стористе бөлісіп, кәдімгідей қарбалас тудырдық. Жеке парақшасы мен дайректе хат қаптап кеткесін, Мухаряповтың өзі бізбен байланысқа шықты. Нақтырақ айтсақ, оның өкілі ретінде танымал блогер Әлішер Елікбаев байланысты", - дейді Қуат Дүйсен.
Әлішер Елікбаев Qazaqsha Jaz қозғалысының өкілдерімен келіссөз жүргізіп, соңында 1 айдың ішінде Chocofamily компанияларының (нақты айтқанда, 6 компаниясының) сервисі мен қосымшаларын қазақшалайтынын айтып уәде берген. Әрі компанияның әлеуметтік желі парақшаларына да білікті қазақтілді SMM-маман тауып, қазақша контент жасататынын айтып, тағы уәде еткен.
"Басында Ә.Елікбаев қазақтілді контент жасап, белсенділік танытқан түр танытты. Компания парақшасында қазақша жазбалар да шықты. Бірақ айтып отырғанымыздай, тек "түр танытты". Бір айдай жазған болды. Одан әрі жазбады. Сол күйі Елікбаев хат-хабарсыз жоқ болып кетті", - деп түсіндіреді Қуатбек мырза.
Өтініші орындалмағанын байқаған қоғам белсенділері одан кейін ешкімді мазаламаған.
"Бірақ 2022 жылы жазда бұл компанияға қайта оралдық. Бұл жолы топтық шағым түсірдік. ҚР "Тіл туралы" заңының 21-бабын, ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 24-бабы, 25-бабы, 25.3-бабы бойынша компаниялардың өз тауарлары бен өнімдері жайлы қазақша ақпарат беруге міндетті екенін атап өтіп, заңды орындауын сұрадық. Chocofamily – бұл номиналды ресми атау емес, оның заңдық күші жоқ. Рамиль Мухаряповтың компанияларының қолданбалы өнімдеріне жауап беретін – "Интернет лояльность" ЖШС. Хат сонда тіркеліп, бізге кейін жауап келді. Жауапта мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың Жолдауда мемлекеттік тіл мен басқа тілдер жайлы айтқан пікірлері жинақталған. Тіл мәселесіне сындарлы қарау керек деген уәжбен, сервисті әзірше қазақшаламайтынын астармен жеткізді", - дейді белсенді.
Қозғалыс өкілдері бұл жауапқа қанағаттанбай, Алматы қалалық әкімдігіне шағымданған. Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің мамандары ChocoLife компаниясының офисіне тікелей барып, өнім мен тауарларды заң бойынша қазақшалауға ұсыным берген.
"ChocoLife заңгері бүкіл өнім мен тауарларды қазақшалауға 90 күн уақыт сұрады. Ол оқиға 5 тамызда болды. Енді сол 90 күн 5 қарашада бітеді. Бірақ біз наразылық хат жолдағалы бері әлеуметтік желі парақшасында бірді-екілі қазақша жазба орналастырғанымен, одан басқа ештеңе істемеді. Сервистерін де қазақшаламады. Олар тіпті ақпаратты қазақша тарату керегін, оның заңда бекітілгенін ескермеді де! 19 қазан күні Рамиль Мухаряповтың атышулы, атақты мәлімдемесінен кейін де ештеңе өзгермеді. Осы күнге дейін Choco-ның супер қосымшасын қазақшаладық деп арқаны кеңге салып келді. Бірақ қосымшаны қазақшалағаны өте сапасыз, тек мәзірін ғана шала-жансар қазақшалаған", - дейді Қуатбек Дүйсен.
"5 қарашадан кейін не болмақ?" деген сауалымызға белсенді "Мерзім біткен соң, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша шара қолдануын өтініп әкімдікке тағы арыз жібереміз" деп қысқа қайырды.
Салыстырмалы түрде айта кетейік, Qazaqsha Jaz қозғалысының өкілдері басқа ірі компанияларға өтінім берген кезде, небары бір күннің ішінде мәселені шешіп берген. Ондай компаниялардың арасында Samsung, KFC сынды әлемдік брендтер бар.