Мұхамедиұлына қатысы бар компаниядан құны 1,3 млрд теңге болатын актив мемлекетке қайтарылды

Мұхамедиұлына қатысы бар компаниядан құны 1,3 млрд теңге болатын актив мемлекетке қайтарылды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Прокуратура "Қазақ энциклопедиясы" ЖШС-ның 100 пайыз үлесін мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысты компанияның заңсыз иелігінен мемлекетке қайтарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

2015 жылы "Қазақ энциклопедиясы" ЖШС-ның 100 пайыз үлесі, жылжымайтын мүлік түріндегі активтері (Әуезов ауданындағы ауданы 2 108,3 шаршы метр болатын жер учаскесі бар ғимарат) заңсыз иеліктен шығарылған, осылайша жеке заңды тұлғаға жекешелендірілген.  

Прокуратураның талабы

Мемлекеттің мүддесін қорғау мақсатында Алматы қаласы Әуезов ауданының прокуратурасы жекешелендіру шартын және одан кейінгі мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арызбен жүгінген.  

Кассациялық сот қаулысымен прокуратураның талап-арызы толық көлемде қанағаттандырылған, осылайша құны 1,3 млрд теңге болатын актив мемлекетке қайтарылады. 

Мұхамедиұлы кім, ол не үшін айыпталды?

Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы - Ұлттық музейдің бұрынғы директоры, мәдениет және спорт экс-министрі.

2024 жылы 29 ақпанда Арыстанбек Мұхамедиұлы төрт бап бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылды:  

  • "Алтын адамның шеруі" көрмесін өткізу кезінде ақша жымқыру;
  • лауазымдық өкілетін теріс пайдалану;
  • "Дипломат" қонақүйіне байланысты рейдерлік үшін;
  • пара беруге әрекет жасағаны үшін. 

2024 жылы тамызда экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты үкім қайта қаралды. Алайда сот кінә дәлелденгені туралы бұрынғы қорытындыларымен келісті. Бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз жоқ деп тапты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget