- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мүгедектігі бар жанды...
Мүгедектігі бар жанды күтушіге айлық қалай төленеді?
Елімізде мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтындар мемлекеттен айлық ала алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бүгін жаңартылған әлеуметтік кодекспен таныстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту көзделіп отыр. Ол жеке көмекші ретінде рәсімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарнасы аударылады.
"Тағы бір өзгеріс - арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандартын даярлап, жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін – шектеулі баға түрінде жіктелетін болады. Бұл өзгерістер бір жағынан кейбір жекелеген қызмет немесе тауар түрлерін монетизациялауға алып келеді және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды кеңінен тарту арқылы саланың инфраструктурасын ауылдық жерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді", - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.
Сонымен қатар, әлеуметтік кодекстің жаңартылған нұсқасы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған комиссияларға жаңа құзырет беру көзделіп отыр.
"Аталмыш кодекс аясында әлеуметтік қызметкерлерге қойылатын талап күшейіп, олардың мәртебесі көтеріледі. Әлеуметтік жұмыспен біліктілігі тәуелсіз бағалаудан өткен сертификаты бар мамандар ғана айналыса алады. Кәсіби біліктілігі, көрсетілетін қызмет түрі мен сапасы туралы толық ақпараттан тұратын әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі әзірленетін болады. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің біліктілік деңгейі, санаты мен ерекшеліктері ескеріле отырып, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесі қайта қаралады", - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина