Елімізде 9 мың арнайы педагог мүгедек балалармен жұмыс істейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгінгі таңда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) есебінде 203 мың мүгедектігі бар бала тұр, олардың 66 мыңы - мектеп жасына дейінгі, 137 мыңы - мектеп жасындағы балалар. Бұл санаттағы балалар саны жыл сайын артып келеді.
Арнайы қолдауға мұқтаж балаларды оқыту, тәрбиелеу, оңалту 496 мамандандырылған білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту үшін мектепке дейінгі ұйымдардың 69 пайызында, мектептердің 88 пайызында, колледждердің 80 пайызында жағдай жасалған. Мектептерде 1071 арнайы жабдықталған кабинет бар. Мүмкіндігі шектеулі балалармен қазіргі таңда 9 мың арнайы педагог жұмыс істейді. Мектепке дейінгі ұйымдарда да "педагог-ассистент" лауазымы енгізіліп жатыр.
"Тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балалар үшін мектепте "жеке көмекші" лауазымы енгізіліп жатыр. "Педагог" кәсіптік стандартына мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс бойынша жаңа мамандықтар енгізілуде. Педагогтардың біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Биыл курстардан 5 мың педагог өтті. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың өсуіне байланысты 3,5 мың арнайы педагог қажет. Келесі оқу жылынан бастап "педагог-ассистенттер" колледждерде дайындалады, тиісті бұйрық қабылданды", - деді министр.
Психологиялық-педагогикалық қолдаудың қолжетімді болуын арттыру мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру механизмі енгізілді. Ол 5 өңірде жүзеге асырылып, 2 мың бала қамтылып отыр. Мүгедектігі бар балалар үшін колледжге түсу квотасы 1 пайыздан 10 пайызға ұлғайтылды. Скрининг нәтижелерімен алмасу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасымен интеграция жүргізіліп жатыр.
Тұрақты бұзушылықтары бар балалар үшін осы консультацияны қорытындылау мерзімі ұзартылады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде арнайы қолдаумен қамтылған ерекше қажеттіліктері бар балалардың үлесі 84 пайыз.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!