23 қаңтарда Перизат Қайратқа қатысты мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын салуға ақша жинау бойынша жаңа іс тіркелген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚМА мәліметінше, Перизат Қайрат 2021 жылы қарашада Ақмола облысында "Батыр" қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған.
"Жұрттың сенімін арттыру үшін мұқтаж мүгедек балалар мен олардың ата-аналарын іс-шараға тартқан. Перизат Қайрат тарапынан таратылған жалған деректер бойынша 48 миллион теңге жиналып, құны 100 миллион теңгеге ғимарат сыйға тартылған. Алайда аукцион кезінде шын мәнінде 22 миллион теңге түскен, осы ақшаны ол өзінің жеке қажетіне жаратқан", - деп жазылған хабарламада.
Агенттік мәліметіне сүйенсек, Перизат Қайрат "Батыр" қоғамдық бірлестігі үшін құны 30 миллион теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген, алайда бұл жер телімін 2019 жылы бірлестік өзі сатып алған.
"Оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған қалпында тұр. Орталықтың қажеттілігіне берілді деген ғимарат мүлдем жоқ болып шыққан. Соталды тергеу жалғасып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, жуырда Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Перизат Қайратқа қатысты жаңа іс бойынша мән-жайды айтты.
"Қаңтардың аяғында жаңа эпизод тіркелді, ол мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын құру үшін аукцион ұйымдастырып, ақша жинаған. Осылайша шамамен 22 миллион теңгеге жуық қаражат жинап, оны да өз қажетіне жұмсаған", - деді Елемесов.
Перизат Қайрат туралы не белгілі?
Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.
2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.
2024 жылы 13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова