Әлеуметтік желіде Семейде мұғалім сабақ кезінде оқушы қыздың бетінен сипағаны көрінетін видео тарады. Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитеті осы жайтқа пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"НеМолчи.kz" жариялаған видеодан оқиға мектептегі кабинеттердің бірінде болғаны көрінеді. Кадрлардан ер адам партаға сүйеніп тұрып, бір қолымен телефон ұстап, экранға қарап тұрғаны, ал екінші қолымен оқушы қыздың беті мен мойнын ұстайтыны көрінеді. Видеода қыздың беті жасырылған.
Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитеті мәліметінше, видео 2023 жылы түсірілген. Қазір оқушы 9-сыныпта оқуын жалғастырып жатыр.
"Балалардың құқығын қорғау комитеті шұғыл түрде тексеріс жүргізді. Балаға қатысты орынсыз әрекетке жол берген педагог қазір білім беру саласында жұмыс істемейді. Сондай-ақ, комитет педагогтің іс-әрекетіне құқықтық баға беру үшін құқық қорғау органдарына жүгінді. Бұл мәселе комитеттің тұрақты бақылауында", - деп жазылған хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова