Мұғалімдерге міндетті құжаттар саны қысқарады

Мұғалімдерге міндетті құжаттар саны қысқарады
Фото: t.me/KZgovernment

Қазақстанда мұғалімдер толтыруға міндетті құжаттардың санын 25-тен 5-ке дейін азайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министр атап өткендей, педагогтерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстардан босату және олардың қоғамдағы мәртебесін арттыру маңызды мәселелердің бірі саналады.

2020 жылы қабылданған №130 бұйрықпен білім беру ұйымдарындағы педагогтер жүргізуге тиіс 25 құжаттың тізімі бекітілген. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұғалімдерге түсетін артық есептілік жүктемесін азайту үшін құжаттар саны беске дейін қысқартылмақ.

Жоспар бойынша педагогтер мына құжаттарды жүргізеді:

1

Сабақ жоспары;

2

Оқушылардың үлгерімін онлайн журналға енгізу;

3

Қосымша білім беру педагогтерінің сабақтан тыс жұмыстарын есепке алу журналы;

4

Сынып жетекшілеріне арналған «Адал азамат» бағдарламасын жүзеге асыру жоспары;

5

Сұраныс болған жағдайда оқушыға берілетін мінездеме.

Осыған байланысты тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіледі.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мұғалімдердің білім беруіне кедергі келтіретін артық жұмыстарды тоқтату қажеттігін айтқан болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget