Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов білім саласындағы өзекті мәселелерді атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол осы бағытта премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады. Депутаттың пікірінше, қазіргі мектеп жүйесі барлық балаға сапалы білім беруде қиындыққа тап болып отыр.
"Біріншіден, шамадан тыс жүктеме, қағазбастылық, инфрақұрылымның теңсіздігі, сондай-ақ, WhatsApp-тағы чаттар мен тапсырмалар көптігі ұстаздың уақытын алып, оқушымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Қала мен ауыл арасындағы алшақтық та айқын: бір аймақта жаңа мектептер салынса, басқа өңірлерде интернет пен техника жетіспейді", - деді ол.
Дептутаттың айтуынша, олқылықты толтыру үшін ата-аналар балаларын репетиторға беруге мәжбүр.
"Қазір репетиторлыққа сұраныс шамамен 25 пайызға өскен. Репетитор сән емес, қажеттілікке айналды. Бірақ оған барлық отбасының мүмкіндігі бірдей емес. Осылайша білім теңсіздігі күшейіп, әлеуметтік әділетсіздік тереңдеп бара жатыр. Үлкен мәселе", - деді ол.
Мархабат Жайымбетов білім сапасы тікелей ұстазға байланысты екенін айтты.
"Қазір қағазбастылықты жоямыз деп барлық қызметті цифрландыру процесі жүріп жатыр. Оның ішінде педагогтердің аттестациясы мен жұмысқа қабылдау рәсімдері де бар. Бұл, әрине, тиімді көрінуі мүмкін. Алайда электрон форматта өткізілгенімен, көбіне сканерленген құжаттармен шектеледі. Ал мұндай құжаттардың шынайылығы бөлек мәселе. Осы екі рәсімде де адамның жеке тұлға ретіндегі қасиеттерін, маман ретіндегі шынайы құзыреттілігін толық бағалау қиын. Сондықтан балаға білім мен тәрбие беру негізгі мақсат екенін ескеріп, бұл рәсімдерге "әңгімелесу" немесе "сабақ беру" кезеңін қосу орынды", - деді депутат.
Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, білім сапасы үшін жауапкершілік тек білім басқармаларының мойнына ілінген.
"Ал біліктілік арттыру орталықтары миллиардтаған бюджет қаржысын игергенімен, олардың жұмысының нақты нәтижесі ешкімнен сұралмайды. Білім туралы заңға сәйкес әрбір педагог үш жыл сайын біліктілігін арттыруға тиіс, яғни жыл сайын педагогтердің 33 пайызы оқиды. Алайда көп жағдайда бұл үдеріс республикалық мекемелермен (Өрлеу, Педагогикалық шеберлік орталығы және т.б.) шектеледі. Екі-үш аптаға созылатын курстардың оқушылардың білім сапасына нақты әсері бар-жоғы назардан тыс қалып отыр. Мемлекет қаржысы бөлінген болса, оның қайтарымы да талап етілуге тиіс. Сәйкесінше жауапкершіліктің бұл бөлігі біліктілік арттыру мекемелеріне де нақты жүктелуі қажет", - деді ол.
Мархабат Жайымбетов мынадай ұсыныстар жасады:
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!