Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өңірлердің Білім басқармалары басшыларына жиын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің сыны
Жиын барысында аймақтардағы білім сапасының көрсеткіштері сарапталды. Министр өңірлер арасындағы алшақтық туралы айтып, кейбір облыстар артта қалуына қатысты сыни пікір білдірді.
"Өкінішке қарай, арамызда білім сапасын оқушының терең білімімен емес, атқарылған жобалар санымен өлшейтін менеджерлер әлі де бар. Бізге қағаз жүзіндегі есеп емес, шәкірттің шынайы жетістігі мен білім деңгейі өскені қажет. Сол себепті өңірлерде қалыптасқан жағдайды бүкпесіз айтып, оны шешудің жолдарын бірге іздестіргенде ғана нәтиже болады", - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Директорлар жетіспейді
Ведомство мәліметінше, мектеп директорларының басқарушылық дағдысы төмен болуы білім жүйесінің сапасына тікелей әсер етіп отыр.
"Оған қоса мектеп ішіндегі корпоратив мәдениет төмендеуіне әкеп соғып жатыр, мұндай мектептерде мұғалімдердің мазасы қашып, орталыққа хат жазуы жиілеп кеткен. Қазір ел аумағындағы мектептерде 490 мектеп директоры лауазымы бос тұр", - деп жазылған хабарламада.
Мектеп басшылары Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында жетіспей жатыр. 2025 жылы директорлыққа үміткерлердің 21 пайызы ғана тестілеуден өткен. Жиында директорлар жетіспейтін өңірлерге білікті мамандарды басқа аймақтардан тарту мүмкіндігін қарастыру жайы да айтылды.
Педагогтердің білім сапасы
Министрлік мәліметіне сүйенсек, педагогтердің білімін бағалау нәтижесінде мұғалімдердің 52,62 пайызы шекті деңгейден өтпеген. Төмен көрсеткіштер Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында айқын байқалған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова