Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерді аттестаттауға қатысты түбегейлі өзгерістерді баяндады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айта кетейік, кеше министр Қазақстанда мұғалімдерді аттестациялау жүйесіне маңызды өзгеріс енгізілгенін айтып, мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылғанын мәлімдеді. Десе де осы жаңалықтан кейін педагогтер арасында түрлі сұрақ туындаған.
Министр әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасап, ұстаздар қауымын алаңдатқан сауалдарға жауап қатты.
"Кешелі бері барлығыңыз педагог біліктілік тестін тапсырмау туралы жаңалықты талқылап жатсыздар. Уақытым бар кезде барлық пікірді зерделедім. Бірнеше сұрақ бар. Соған өзім жауап жолдаймын деп шештім. Біріншіден, бұл уақытша тоқтату емес. Енді педагогикалық қоғамдастықта жұмыс істеп жүрген ұстаздарымыз пәндік біліктілік тестін тапсырмайды. Бұл тестті алып тастадық", - деп түсіндірді шенеунік.
Десе де біліктілік тестін тапсыратындар да бар. Жұлдыз Сүлейменова олар кімдер екенін айтты. Бұл санатқа оқу орнын жаңа бітірген түлектер кіреді.
"Бұл тестті кім тапсырады? Педагог мамандығына ең алғаш қадам басып жатқан университет түлектері тапсырады. Өйткені олар мамандыққа енді ғана келе жатыр. Олардың білім деңгейін білуіміз қажет. Университеттің түлектері, енді ғана қадам басып жатқан жас ұстаздар педагогтің біліктілік тестін тапсырады. Осы жаңа ұстаздар екі жылдан кейін педагог модератор біліктілік деңгейіне қадам басқан кезде де педагог біліктілік тестін тапсырады. Қалған ұстаздар, қалған санатқа өздері аттестацияға тапсыратын бірде бір ұстаз педагог біліктілік тестін тапсырмайды. Педагог біліктілік тестінің жалпы аттестацияға ешқандай байланысы болмайды", - деді ол.
Сонымен қатар, мұғалімдердің портфолиосына қатысты маңызды өзгеріс болмақ.
"Портфолио жинақтау енді электрон негізде болады. Сіз ұстаз ретінде портфолио, қағаз жинақтап, әркімнен қол жинап жүрмейсіз. Ұстаз платформасы одан әрі қарастырылып жатыр, барлығы электрон түрде болады. Ол туралы қосымша хабарлаймыз", - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Ендігі бір дүние - авторлық бағдарлама. Министрдің сөзінше, бұл бағытта да елеулі өзгеріс болады.
"Мұны сіздермен ұзақ талқыладық. Авторлық бағдарламалар да тоқтатылады. Енді авторлық бағдарлама жазып, ұсынудың қажеті жоқ", - деп түйіндеді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Еске салайық, бұған дейін де Жұлдыз Сүлейменова жаңа оқу жылында аттестаттау ережесіне өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова