Кейінгі күндері мұғалімдерді аттестаттауға қатысты өзгерістер қызу талқыланып жатыр. Massaget.kz Оқу-ағарту министрлігінен мән-жайды сұрады.
Ведомство мәліметінше, педагогтерді аттестаттау қағидасына өзгерістер енгізіліп жатыр, бұл өзгерістер аттестаттау жүйесінің тиімділігін арттыруға, педагогтердің кәсіби қызметін қолдауға, қызметін оңтайландыруға және жұмыс жүктемесін азайтуға бағытталған.
"Педагогтердің білімін бағалау тестін тапсыру тоқтатылды. Бұдан былай ол педагог мамандығына алғаш қадам басып жатқан жоғары оқу орындарының түлектері үшін қарастырылады. Себебі олар мамандыққа жаңадан келіп жатқандықтан, білім деңгейін айқындау қажет. Жаңадан жұмысқа қабылданған педагогтер екі жылдан кейін педагог модератор біліктілік санатын алу үшін де тест тапсырады", - деп жазылған хабарламада.
Министрлік өзге біліктілік санатына үміткер педагогтер педагогтің білімін бағалау тестін тапсырмайтынын нақтылады, яғни бұл тест жалпы аттестаттау рәсіміне жатпайды.
"Бұған дейін тесттен өтіп, шекті балл жинаған және аттестаттау кезеңінен өткен педагогтер тиісті үстемеақы алады", - деді министрлік өкілдері.
Оқу-ағарту министрлігі өзге де жаңалықтар барын мәлімдеді.
"Педагогтердің портфолиосы электрон форматта жасалады. Қазір осы бағытта "Ұстаз" платформасын интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, авторлық бағдарламалар бойынша талаптар қайта қаралды. Енді педагогтерден авторлық бағдарлама ұсыну талап етілмейді", - деп жазылған жауапта.
Десе де ведомство редакцияның бұл өзгерістер нақты қашан күшіне енетіні туралы сауалына әзірге жауап қатпады.
Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда мұғалімдерді аттестациялау жүйесіне маңызды өзгеріс енгізілгенін айтып, мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылғанын мәлімдеді. Десе де осы жаңалықтан кейін педагогтер арасында түрлі сұрақ туындады.
Кейін министр әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасап, ұстаздар қауымын алаңдатқан сауалдарға жауап қатты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова