Мұғалімдерді аттестаттау: жаңа өзгерістер қашан күшіне енеді?

Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, негізгі өзгеріс - педагогтердің білімін бағалау тесті толық тоқтатылуы. Енді  педагогикалық мамандық бойынша оқу орындарын аяқтап келген жас мамандар, педагогикалық өтілін тоқтатып, қайта жұмысқа орналасуға ниет білдірген педагогтер ғана тест тапсырады. Сонымен қатар, тест білім беру ұйымдарының басшылары, басшы орынбасарлары, әдістемелік орталық әдіскерлері үшін де сақталады.

"Мектепте кемінде 2 жыл үздіксіз еңбек өтілі бар педагогтер біліктілік санатын алуға өтініш бере алады. Олардың біліктілігін бағалау жаңа қағидаларға сәйкес тек практикалық нәтижелерге сүйеніп жүргізіледі. Яғни педагогтің портфолиосындағы кәсіби жетістіктері, оқушыларының нәтижесі, оқу-тәрбие жұмысын жүргізудегі деңгейі бағаланады. Сондай-ақ, барлық деңгей үшін авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемеліктерін ұсыну талабы алып тасталады", - деп жазылған хабарламада.

Министрлік өзгерістер 2027 жылдан бастап енгізілетін аттестаттау жүйесіне байланысты екенін нақтылады.

Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда мұғалімдерді аттестациялау жүйесіне маңызды өзгеріс енгізілгенін айтып, мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылғанын мәлімдеді. Десе де осы жаңалықтан кейін педагогтер арасында түрлі сұрақ туындады.

Кейін министр әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасап, ұстаздар қауымын алаңдатқан сауалдарға жауап қатты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!