Мұғалімдер сынып жетекшісі болғаны үшін қанша теңге алады?

Сынып жетекшісі болу - қиын және маңызды жұмыс. Елімізде сынып жетекшілігі үшін қосымша қанша ақы төленеді? Бұл сұраққа ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Комитетте мұғалімдер сынып жетекшісі болғаны үшін қосымша ақы алатынын айтты.

"Қолданыстағы Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес педагогтарға сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі) үшін 1-4 сыныптар базалық лауазымдық айлықақының (БЛА) 50% мөлшерінде, 5-11 (12) сыныптар БЛА-дан 60% мөлшерінде, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары БЛА-ның 50% мөлшерінде қосымша ақы белгіленген", - деп жауап берді комитет.

Қазақстанда базалық лауазымдық айлықақы (БЛА) - 17 697 теңге,  яғни оның 50%-ы 8 845 теңге болады. Елімізде көпшілік мұғалім сынып жетекшісі болғаны үшін шамамен 10 мың теңге алады.

Мұғалімдерге дәптер тексергені үшін қосымша ақы төленеді

Орта білім беру комитетінің мәліметінше, еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес, 1-4 сынып мұғалімдеріне дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін БЛА-дан 40% мөлшерінде қосымша ақы төленеді.

Ал оқу орыс тілінде жүретін мектептерде (сыныптарда) қазақ тілі мен басқа да ұлттық тілдерді және оқу ұлттық тілдерде жүретін мектептерде (сыныптарда) орыс тілін 1-4 сыныпта жүргізетін осы пәндердің мұғалімдеріне БЛА-дан 50% мөлшерінде қосымша ақы белгіленген.

5-11 (12) сынып мұғалімдеріне қазақ, орыс тілдері, басқа ұлттық тілдер мен әдебиет, математика, химия, физика, биология, шет тілі, стенография, сызу, құрастыру, техникалық механика бойынша жазбаша жұмыстарды тексергені үшін БЛА-дан 50% мөлшерінде қосымша ақы беріледі.

Ескерту: көрсетілген қосымша ақы дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексеру үлгілік оқу бағдарламаларында көзделген жағдайда белгіленеді.

Еске салайық, Қазақстанда барлық білім беру ұйымдарында 600 мыңға жуық педагог еңбек етіп жүр. Оның ішінде 399 247 педагог мектептерде, 41 155 педагог техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында сабақ береді.

Қазақстанда жалақы неге аз? Министр түсіндірді

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз