Өскеменде мас әрі жартылай жалаңаш АӘД пен еңбек пәні оқытушылары №30 мектеп аумағында видеоға түсірілген. Онда педагогтар 17 жастағы қызбен көңіл көтергені көрінеді, - деп хабарлайды YK-news.kz.
Куәгердің видеосы әлеуметтік желілерде тарады.
"Бұл дерек бойынша тиісті тексеріс жүргізіліп, осы адамдардың жеке басы анықталды. Оларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" бойынша қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды", - деп мәлімдеді ШҚО ПД өкілі.
Тәртіп бұзушыларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы немесе он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
Қаланың білім бөлімі қызметкері даулы видеодағы ер адамдар оқу орнының оқытушылары екенін растады.
"Иә, шынында да, біздің екі мұғаліміміз бен қыз болды. Олардың мас болғанын көруге болады. Педагогтар мен күзетші қызметтерінен босатылды. Зорлау туралы әңгімелерге қатысты айтсақ, бізбен бірге кәмелетке толмағандар ісі қызметкерлері және ІІО инспекторлары жұмыс істеді. Олар барлық жазбаны қарап шықты, қазір құқық қорғау органдары бұл іспен айналысып жатыр. Бейнебақылау камерасында зорлық-зомбылық деректері тіркелген жоқ. Біздің оқушы ма, біздің емес пе, оны айта алмаймын. Видео бойынша ол - мектептің бұрынғы түлегі екені көрініп тұр, бірақ нақты емес, оның жеке басын құқық қорғау органдары анықтайды", - деді Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының "Өскемен қаласы бойынша білім бөлімі" ММ басшысы Сәуле Алагөзова.
Білім бөлімінде қала мектептері аумағында күзет күшейтілетініне уәде берілді.
"Бұл бірінші рет болып тұр, АӘД педагогының тәжірибесі көп, еңбек және технология педагогының тәжірибесі одан аздау. Олардың 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Күзетші жұмыстан босатылды. АӘД мұғалімі оқиға болған күні түске дейін жұмыста болды, кейін ештеңе түсіндірмеді, есінде ештеңе жоғын айтады", - деді Алагөзова.