“Мұғалім болмаймын деген уәдемді бұздым“. Дубайдан бас тартып, ауыл мектебін таңдаған математикпен сұхбат

“Мұғалім болмаймын деген уәдемді бұздым“. Дубайдан бас тартып, ауыл мектебін таңдаған математикпен сұхбат
Фото: жеке архивтен

Аралбек Берікұлы - көп тілді меңгерген мықты математик. Жай ғана математик емес, өмірін ұстаздық жолға арнаған, шетелден келген лауазымды қызметінен бас тартып, ауыл мектебін дамытуды таңдаған қайсар жан. Ауыл мектебін қалыптастырудың тың моделін ойлап тапқан ұстаздың әңгімесін Мassaget.kz тілшісі материалда тарқатады.

Ол Ақтөбе облысындағы қарапайым ауылда, көп балалы отбасында туған. Жастайынан оқуға қызығып, мектеп олимпиадасына қатысып жүріп, Астанадағы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне грантқа оқуға түседі. Оның ұстаздық жолға алғашқы қадамы жас қала - Астанадан бастау алады.

фото: жеке архивтен

"Өмірлік миссиямды таптым"

Арман қуып Астанаға жеткен студент Аралбек білімін қару етіп, жұмыс істеп көрмек ниетте бағын сынайды. Ұстаздық жолдағы тұңғыш шәкірттерін Астана қаласындағы ҰБТ-ға дайындайтын білім беру орталығында кездестірді. Тегін білім беріп, оқушылардың сүйіктісіне айналған ол, өзінің қабілеттілігін дәлелдеп, "мұғалім болмаймын" деген уәдесінен айныған.

"Ол уақыттағы шәкіртақы да бар жоғы 7500 теңге еді. Студентке ақша артық етпейді. Жоғары сынып оқып жүрген кезімде даяршы болып та, автобус кондукторы болып та, тіпті қаланы аралап кітап сатқан кездерім болған. 2-курстың басында физикалық күшті емес, интеллектіме күш салып жұмыс істеп көргім келді. Сөйтіп 2007 жылы Астана қаласындағы білім беру орталықтарының біріне барып көрдім. Орталық директоры "сен әлі жассың, жасың небәрі 19-да, алғашқы айда қабілетіңді байқап көрелік" деді. Бастапқы бір-екі ай кестеден тыс уақытта оқушыларға математикадан сабақ бердім. Кейін орталық басшысы менің сабақ беруіме оқушылардың қызығып жатқанын айтты. Солайша жұмысқа қабылдады. Бірақ, мектеп оқып жүргенімде өзіме уәде берген едім: ешқашан полиция қызметкері, дәрігер, мұғалім болмаймын деп. Өзімнен 1-2 жас кіші оқушыларға сабақ беру арқылы өзімнің өмірлік миссиямды таптым" дейді ол. 

Оқу орталығынан басталған озық арман

Оқу орталығының 150 оқушысы түгел Аралбек Берікұлының шәкіртіне айналды. Мұғалімдікті мұрат еткен азамат Мәскеу университетіндегі оқуынан да бас тартып, қызметке бет бұрып кетеді. Қатарластары 2-курсты аяқтап жатқанда ол, кешенді тест тапсырып, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ға грантқа оқуға түседі. 

"Орталықтағы оқытушылық жұмысыммен қатар жеке репетиторлықпен де айналыстым. Кейіннен Астанадан екі жерден өзімнің математикалық орталығымды аштым. Қол астымда бірнеше мұғалімдер қызмет етті. Видеосабақтар дайындап, кітап та шығардық. Оқушыларды математика бойынша БИЛ-ге, НИШ-ке, РФМШ-ге дайындадық. Білімімді жетілдіріп орыс тілінде де, ағылшын тілінде де сабақ беріп бастадым" дейді ол. 

Үш тілді серік еткен математик басқа елде сабақ беруге қызығып, шетелде білім беру құзыреттілігін ұсынатын PGCE сертификатын алғанын айтты. 

фото: жеке архивтен

Шетелдегі мансабынан бас тартуы

Шетелде білім беру құзыреттілігін алған соң, Аралбек Берікұлына мамандығы бойынша үш түрлі ұсыныс түскен. БАӘ-де мұғалімдік қызметтен де, Астанадағы РФМШ орталығындағы директорлық қызметтен де бас тартып ШҚО-дағы қарапайым ауыл мектебін дамытуды таңдайды. Неліктен мұндай шешімге келгенін ол былайша түсіндірді. 

"БАӘ-нен ұсыныс түсті. Жанға жайлы жағдай да айтылды. 4500-5000 доллар көлеміндегі жалақы, ұшақпен мемлекетаралық тегін қатынау, пәтер, бала-шағам үшін тегін балабақша сындымүмкіндіктер береміз деді. Иә, расында осы ұсыныс мені қызықтырған еді. Артынша өзім жұмыс істеп жүрген РФМШ-да директорлық қызметті ұсынды. Десе де, 2015 жылы Атырау облысындағы ауылдық мектептерді көріп жаным ауырған еді. Сол сезім жүрегімде қалды ма, әйтеуір ауыл мектебін дамытуға үлкен қызығушылықпен қарадым. Сол ұсынысты таңдағаныма еш өкінбеймін" деді Аралбек мырза. 

Еліміздегі ауыл мектептерін дамыту арқылы білім жүйесінде өзгеріс болатынына сеніммен қарайтынын қоса кетті ол. 

"Атырау облысына барған сапарымнан кейін ауыл мектептері үшін бірнәрсе істесем екен деген арманда жүретінмін. Републикалық физматта жүргенімде де ауылдық бір мектепті алып, физика-математика бағытында толық дамытуды қолға алайық деген ниет білдірген едім. Әкімдік тарапынан қолдау болмай, сол күйі қалып қалған еді. Солай жүргенде шығыстан ауылдық мектепке директор болу туралы ұсыныс келді. Анамның батасын алып, бұл іске жаныммен кірістім" деп жауап берді математик. 

Қарапайым мектепті қалай дамытты?

Осылайша Аралбек Берікұлы 2022 жылы Дубайдағы және Республикалық физика-математика мектебіндегі (РФМШ) жоғары лауазымдардан бас тартып, халқы небәрі 700 адамды құрайтын Самар ауданындағы Құлынжон ауылындағы шағын мектептің директоры болуды таңдайды. Бұл шешім Қазақстандағы ауыл мектептерінің жаңа моделін қалыптастырудың негізін қалады. 

Аралбек мырза қызметке келгенінде мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұрған еді: 5-сынып оқушылары көбейту кестесін білмейтін, ал жоғары сынып оқушылары 6-сынып деңгейіндегі тапсырмаларды орындай алмайтын. Білек сыбана жаңа қызметіне кіріскен ол әлемдік деңгейдегі педагогикалық университеттердің бірі Michigan State University (MSU) және Aidyn&Anar Rakhimbayev Foundation қолдауымен "YBYRAI MEKTEBI" жобасын қолға алды. 

фото: жеке архивтен

Құлынжон ауылындағы қарапайым орта мектеп кез келген қаладағы жеке мектептерден артық болмаса, кем білім беріп жатқан жоқ. Онда ауыл балаларына робототехника, гидропоника, экология, медиа-сауат сияқты бұрын қолжетімсіз болған үйірмелерге қатысу мүмкіндігі де бар. 

Аралбек Берікұлы енгізген жүйеге сәйкес магистр дәрежесі бар мұғалімдердің үлесі 15%-дан 25%-ға дейін өсті. Бұл педагогтардың біліктілігін арттырып, оқу процесіне заманауи әдістерді енгізуге ықпал етті.

"Менің басты мақсатым — әрбір оқушының әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін білім беру экожүйесін құру, ал ата-аналар мен мұғалімдер бұл процестің белсенді қатысушылары болады. Біз білім беріп қана қоймай, қазіргі заманға бейімделіп, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруды көздейміз. Біз "YBYRAI MEKTEBI" жобасын одан әрі дамытып жатырмыз, мен оны ауылдық білім берудің болашағы деп санаймын. Миссиям - еліміздегі орта білім деңгейін үздік ондыққа шығару" дейді директор.

 

фото: "Ybyrai Mektebi"

"Білім жүйесіне көңілім толмайды"

Аралбек Берікұлы бүгінге дейінгі тәжірибесіне сүйеніп, отандық білім жүйесіндегі олқылықтар жайлы сөз етті. Оның айтуынша, біз реформаларды жаңғырта бермей, мұғалімдердің сапасына көңіл бөліп, шетелдегі білім жүйесінен сабақ алуымыз керек. 

"Қазақстандық білім жүйесіне көңілім толмайды. Қосымша жеке білім беру орталықтарының көбеюі - мектептегі білімнің дұрыс берілмей жатқанын білдіреді. Мәселен, Финляндияда мемлекеттік мектептер жеке мектептерден артық білім мен тәрбие береді. Біз де сондай деңгейге жетсек болады. Ең бірінші мәселе - реформаларда емес, ұстаздарда. Сол реформаларды іске асыратын адам ол - мұғалім. Мұғалім берілген бұйрықты қалай жасағысы келсе солай жасайды да, қағаз жүзіндегі есепте басқа нәрселерді көрсетеді. Көп ауылдарда мектеп тек түске дейін ғана жұмыс істейді де қояды. Баланың қосымша дағдысын дамытуға, шығармашылығын шыңдауға ешкімнің құлқы жоқ. Түстен кейінгі уақытта осындай олқылықтың орнын толтырып, мәдениет үйлерінде, мектепте қосымша үйірмелер ашып тастауға болады. Мұғалімдерге сатылып жатқан бакалавр, магистр дипломдарының алдын алуымыз керек. Сондай-ақ, ҰБТ-да мұғалім мамандығына түсушілерге шекті баллды жоғарылатқанымыз да ұстаздардың санын емес сапасын жақсартады" деп қосты ол. 

АҚШ пен Жапониядағы білім беру жүйесінен мысалдар келтірді ол.  

"Мұғалімдерді дайындап шығарып, мектепке жіберу жүйесін шетелдіктерден алуымыз керек. Мысалы, АҚШ-та мектепте психолог болып жұмыс істеу үшін PhD доктор дәрежесіндегі білімің болуы керек. Бұл өте керек нәрсе. Өкінішке қарай, бізде 500 балаға - бір психолог. Бұл дегеніміз сол бір психологтың күніне 3 баламен жұмыс істеуі керек деген сөз. Бұдан бөлек, Жапониядағы балабақшаны мысалға алсақ. Онда әр түрлі жастағы балалар бір жерде бірге ойнай береді. Бұл баланың ерте дамуына, жетілуіне әсер етеді" деді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Литпин