“Міржақып. Оян, қазақ!“ фильмінің авторлары шетелге неге көшіп кеткенін айтты

"Міржақып. Оян, қазақ!" фильмінің авторлары Мұрат Есжан мен әйелі Айсәуле Әбілда неге шетелге көшіп кеткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы продюсер Айсәуле Әбілда Facebook-парақшасында бөлісті. 

"Малайзияға неге көшкеніміз туралы күніне бірнеше адамнан сұрақ келеді, соның бір жауабын беріп қояйын деп шештім. Әрине, біріншіден, біз жаңа жобамызға бар ынтамызды арнай алатындай шығармашылық күй іздеп келдік. Елде үйіміз бен офисымыздың арасы қатты алыс болмаса да, кәдімгідей уақытымызды алатын. Кептеліс, баратын басқа да шаралар, той, шақырыс бар, сонымен уақыттың қалай өткенін білмей қалып жүрдік. Ал біздің жұмыс ондай еркелікті көтермейді, себебі дедлайн деген дәу бар, яғни серіктесіңмен келіскен уақытта шаруа біту керек, әйтпесе кез келген істі ғасырлап істей беруге болады. Шаруаның уақытылы бітіп, жұмыстың жақсы жүруіне ең жауапты тұлға - продюсер болғандықтан, мен бұл мәселені барынша қолайлы шешуге тырыстым. Әрине, көше қалсаң, ісің біте қояды деген сөз емес, бастысы - ниет және тырысу, қалғанын нәтижеден күту", - дейді ол. 

Оның айтуынша, елде үй мен офис жалдап, балаларын ақылы мектепте оқытып жүрген. Ал Малайзия балалардың тіл үйренуіне де қолайлы ел болып шыққан. 

"Екіншіден, елде біз онсыз да үй мен офис жалдап, балаларымызды ақылы мектепте оқытып жүрдік. Әрине, оқу ақысына 100 пайыз, 70 пайыз грант алғанның өзінде тамағы мен тасымалдауын ғана төлеуге әр балаға кәдімгідей қаражат кететін, оған қоса жыл сайын қысқы дайындық бар, оның да өз шығыны жетерлік, соның бәрін есептей келе дәл сондай төлемге қай мемлекеттерде жақсырақ жағдайда жұмыс істеп, балаларымызға қосымша тіл үйрететіндей мүмкіндіктер бар деп зерттедік. Малайзияда орта білім жүйесінің жақсы дамығаны мен балаларға ағылшын, қытай тілдерін меңгеріп шығуға жайлы ортаның болуы да шешімімізге әсер етті", - деп жазған Айсәуле Әбілда.

Айсәуле Әбілда Малайзияға уақытша көшкенін айтты. 

"Үшіншіден, жаңа елде тұрып көру - көкжиегіңді кәдімгідей кеңейтіп жібереді ғой, соны да ескеріп, жұмыс пен өмірдің, бала-шағаны жеткізудің арасында өз дамуымызға да дем берейік деген оймен уақытша Малайзияға көштік. Қазіргі мендегі басты тілек - осы жобаның сәтті жүріп кетуі және аман-есен көрерменмен қауышуы болып тұр. Өздеріңіз білетіндей, біздің компаниямызда тұрақты жұмыс істейтін - екі адам ғана бар, сол жалғыз әріптесімнің сценарийі жақсы шықса екен деп уайымдап жүрмін. Артық секундыңыз болса, сіздер де бізді дұғаларыңызға қосып, тілеулес бола жүріңіздер", - деп қорытындылады ол. 

Танымал кәсіпкер Дулат Тастекей Алаш зиялылары туралы танымал жобалардың режиссері Мұрат Есжанға ат мінгізсе, кәсіпкер Сырымбек Тау көлік сыйлаған еді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!