Актер Абай Асылхан өзінен 8 жас үлкен әйелі Жанель Мақажанмен қалай танысқанын, туыстарының олардың қарым-қатынасына түбегейлі қарсы болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол "Айқап" подкастына берген сұхбатында айтты.
"2019 жылы 4-курстың 1-семестрінде Жүргенов академиясына академиялық ұтқырлық арқылы келген едік. Ол кезде Жанель ханым - беделді актриса, мен жүргізушімін. Сол кезде ағайым концертте жүргізуші болуым керегін айтты. Шынымды айтайын, оның кім екенін білмедім. Оның түскен фильмдерін де көрмедім. Бірақ бұған дейін группаластарымнан естідім, олардың жартысы оған ғашық болып жүрді. Сөйтіп кіріп барсам, Сторис түсіріп отыр. Бұл жұлдыз, мен сахнаға шыққанда "жыртуым" керек деп ойладым. Сөйтіп, концертте таныстық. Бір-бірімізге Инстаграмда тіркелдік. Бірақ ойда ештеңе жоқ. Себебі арамыз 8 жас, ол менен үлкен. Бірнеше уақыттан кейін ол мені вайн түсіруге шақырады. Ол маған өзі хабарласып, видеоға түсуі керек жігіт келе алмағанын айтты. Жанель 15 минутта келші деп өтінді. Ол кезде ақшам да жоқ. Таныстық сол жерде басталды", - дейді ол.
Актердің айтуынша, екеуінің арасында алғашында мүлде сезім болмаған.
"Инстаграм арқылы жұмысын, балаларын көрдім. Карантин кезінде ол маған тағы поэзия оқиық, дыбыстама жазайық деп ұсыныс жасайды. Екеуміз сол жобаны бастадық. Кейін 1 жылдан кейін екеуміз "Человеку нужен человек" деген видеоны Бурабайда түсірдік. Сол кезде бір сезім пайда болды, бірақ мен өзімді тоқтаттым. Өйткені жалғызбасты әйел үшін істеп жатқан істеріне тәнті болдым. Сөйтіп, жарты жыл өтеді. Қайтадан жоба бастадық. Сөйтіп, бір-бірімізге ашылдық. Ол менің бүкіл критерийіме сәйкес келді. Кейін қадам жасап бастадым. Сен маған ұнайсың деп турасын айттым. Ол мені менсінбеді. Наурыз көжеге шақырғанда алғаш рет балаларымен кездестім. Олар маған Жанельге айтпаған сырын айта бастады. Жанель түсінбей отыр. Жанель балаларының былай ашылмайтынын айтты. Менде балаларымен бірден тіл табысып кету деген ниет болмады", - деді Абай Асылхан.
Абай Асылханның айтуынша, ол баласы бар әйелмен қарым-қатынасқа дайын болмаған.
"Үш рет кездескен соң мен кері шегіндім. "Асығып кеттім, қате менен, сен мені кешіре алсаң кешір, осы жерден тоқтатайық" дедім. 2 жасөспірім баласы бар, ал мен "ертең сенің мойныңа асылғым келмейді" дедім. Кейін 3 күн сөйлеспей қалғанда өз адамымды тапқанымды түсіндім", - дейді актер.
Ол ата-анасының алғашында Жанель Мақажанды отбасына қабылдамағанын айтты.
"Басында қиын болды. Бірден қарсы болды. Мен үйдің кенжесімін. Олар көп ойланды. Қазір қарым-қатынасымыз жақсы. Үлкен сынақтардан өттік. Көп жыладық, айқай-шу болды", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!