“Мойнын, жамбасын пышақтаған“. Алматыда әйелін айуандықпен өлтірген ер адам сотталды

Алматыда әйелін асқан айуандықпен өлтірген ер адам сотталды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өз әйелін өлтіріп және телекоммуникация желілері арқылы таралатын ақпараттық жүйеге заңсыз кіру арқылы, аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жасырын жымқырды деп айыпталған З.-ға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі. 188-баптың 3-бөлігі, 1-тармағы).

Сотпен анықталғаны:

Ағымдағы жылдың қаңтар айында сотталушы 3. бірнеше сағат бұрын қызын көру үшін демалыстан оралған әйелімен кездесіп, ажырасу туралы сөйлеседі.

Әйелімен ажырасу туралы әңгімелесу кезінде қызғаныш пен ашулық танытқан 3. жәбірленушінің мойнына, жамбасына және ішіне ас пышақпен көптеген соққылар (барлығы он пышақ жарақаты) келтірген, алған жарақаттарынан ол сол жерде көз жұмды.

Кісі өлтіргеннен кейін әпкесінің асырауында қалдырған қызын ары қарай асырау үшін материалдық көмек көрсету мақсатында сотталушы З., әйелінің ұялы телефоны арқылы жәбірленуші жұмыс істеген серіктестіктің шотынан, өзінің жеке кәсіпкерлік есепшотына 4 700 000 теңге аударған.

Содан кейін 3. өз еркімен полицияға жасаған қылмысы туралы хабарлаған, олардың оқиға орнына келгенін күткен.

Айыпталушы тағылған айыпты ішінара мойындады. Ол кісі өлтіруді жәбірленушінің кенеттен әдепсіз мінез-құлқынан туындаған, қатты эмоционалды күйзеліс жағдайында жасады деп санайды, жүйелі түрде азғындық жасағанын мойындады.

Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленуші тарапынан сотталушыға қатаң жаза тағайындауды сұрады, сонымен қатар азаматтық талап бойынша "C" ЖШС-на келтірілген 4 700 000 теңге материалдық шығынды және 100 000 000 теңге моральдық шығынды өтеуді сұрады.

Сот үкімімен З. кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталған азаматтан "C" ЖШС-ның пайдасына 4 700 000 теңге материалдық залал, сонымен қатар бес жәбірленушінің пайдасына жалпы сомасы 20 000 000 теңге моральдық шығын өндірілді.

Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот оның кінәсін мойындауын және шын жүректен өкінуін сотталушыға қатысты жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!