“Мотоциклден құлатып, басынан басып өлтірді“. Атырау облысы тұрғыны ұлының өліміне полицейлерді кінәлады

Атырау облысының тұрғыны ұлының өліміне полицейлерді кінәлайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Олар құқық қорғаушылар жазадан сытылып кете ме деп қауіптенеді. Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны Жанаргүл Шүренбай әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялады. Ол мотоцикл тізгінінде болған 17 жастағы ұлын полиция қызметкерлері қызметтік көлікпен қуып, басып өлтіргенін айтады.

"Полиция қызметкерлері заңсыз қуып, мотоциклден құлатып, одан әрі басынан басып өлтіріп отыр. Менің ұлым қылмыскер емес. Жасы не болғаны 17-де еді. Ол баланы қуатындай қандай себеп болды соншама. Ұлымның өліміне қатысты екі полицейдің жазадан құтылып кетпеуіне қолдау сұраймын", - дейді тұрғын Жанаргүл Шүренбай.

Оқиға 25 сәуірде түс кезінде болған. Мотоцикл тізгініндегі жасөспірім оқиға орнында қаза табады. Оның қасындағы жолаушы дін аман. Полиция департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, қазір бұл  оқиғаға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Патрулдік көлікті басқарған полиция қызметкері жұмыстан қуылыпты. 

"Соталды тергеу амалдарын Өзіндік қауіпсіздік басқармасы жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Жол апатына қатысты екі полиция қызмектерінің ішінде көлік жүргізген қызметкер жұмыстан босатылды. Оның жанындағы қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылды", - деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз