• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Мопедтерге қатысты өзгеріс: иелері не білуі керек?

Мопедтерге қатысты өзгеріс: иелері не білуі керек?
Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

2025 жылғы 5 сәуірден бастап мопедтерді механикалық көлік құралдарына теңестіретін заңнамалық өзгерістер күшіне енеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Осы күннен бастап мопедтерді пайдалану тек оларды полицияда тіркеуден өткізгеннен кейін, А1, А және В санатындағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда, техникалық тексерістен өтіп, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырған соң ғана рұқсат етіледі.

Мопедті тіркеу үшін тұрғындар өз тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚКО-ға жүгінуі қажет:

  • жеке басты куәландыратын құжаттарды (электрон түрде де ұсынуға болады), мопедтің техникалық құжаттарын немесе техникалық сипаттамалары туралы мәліметтерді тапсыру;
  • өтініш толтырып, мопедті тексерістен өткізу және мопедті мемлекеттік тіркеу үшін 0,25 АЕК (983 тг); тіркеу куәлігін алу үшін 1,25 АЕК (4 915 тг); мемлекеттік нөмір алу үшін 1,4 АЕК (5 505 тг) төлеу.

"2025 жылғы 5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалану және жүргізуші куәлігінсіз басқару заңмен тыйым салынатынын ескере отырып, ІІМ мопед иелерін оларды алдын ала тіркеуден өткізуге, сондай-ақ жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарды мопед жүргізу құқығын алу үшін автомектептерде оқуға шақырады", - деп жазылған хабарламада.

ІІМ мопедтерді тіркеу мен жүргізуші куәлігін алуды кейінге қалдырмауға кеңес береді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget