Қазақстанда мопед жүргізушілеріне талап күшейеді. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазір түзетулердің екінші пакеті пысықталып жатыр. Олар қабылданғаннан кейін, түбегейлі өзгерістер болады. Біріншіден, қозғалтқыш көлеміне қарамастан мопедтердің барлығы көлік санатына жатқызылады. Оларды жүргізу үшін А1 нұсқасындағы жүргізуші куәлігі мен 16 жастан асу керек. Осыдан кейін мопедтердің барлығын тіркеп, есепке қоямыз. Қазір осы көлік түрлерін басқаратындарға іс жүзінде ешқандай жауапкершілік жүктелмеген", - деді Игорь Лепеха Сенат кулуарында.
Сондай-ақ, әкімдерге де қосымша өкілеттілік беріледі.
"Бұл түзетулер пакетінде тағы бір өте маңызды норма бар. Енді әкімдерде самокаттарға қатысты реттеу өкілеттігі болады. Демек олар өздерінің қосымша ережелерін белгілей алады. Бұл тұрғыда осы көлікпен қайда өтуге болатынын, олардың қозғалысына қай уақытта тыйым салу керек екенін белгілейді. Мәселен, жексенбі күні саябақтарда серуендеп жүрген адамдар көбейген кезде, паркте самокаттардың қозғалысына шектеу енгізілуі мүмкін", - деді министрдің орынбасары.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!