- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Моншадан шыққан сияқтымыз"....
"Моншадан шыққан сияқтымыз". Өскемен тұрғындары автобус тапшылығы мен сапасына шағымданды
Қалалықтар шет аудандардан қатынау қиындап кеткенін жеткізді. Тіпті кейбірі әкімдікпен соттасуға дейін барған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Нақты айтсақ, қоғамдық көлік уақытында келмейді деп шенеуніктерге дабыл қаққан Аблакетка ауданының тұрғындары. Сөздерінше, соңғы уақытта қоғамдық көлікті сағаттап күтуге тура келеді. Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен екі рет соттасып жеңіп шықса да, мәселе толыққанды шешімін таппаған.
"Алдымен Буров көшесіне жетіп алуымыз қажет. Қазір ол жаққа қатынайтын автобус та жоқ. Сонда жаяу баруымыз керек пе?", – деді Гүлнұр Байырбекова есімді зейнеткер.
Шенеуніктер олқылық барын жоққа шығармады. Қала әкімінің орынбасары Арман Искаковтың сөзінше, жолаушы тасымалдаушы бір маршрут бойынша бұзушылыққа жол берген.
"Осы бұзушылық аясында қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан оларға ескертпе хат жолданды. Тасымалдаушының мәселені шешу үшін еш шара қолданбай отырғанын ескерсек, мемлекеттік органдар тарапынан сотқа талап-арыз жіберіледі", – деді Арман Мұхтарханұлы.
Бұдан бөлек, автобустардың кейбірінің терезесі ашылмайды. Аптап ыстықта ішіне нығалған 20-30 адам терлеп, әбден тұншығады.
"Аялдамаға жетіп, есігі ашылғанда моншадан шыққандай боламыз. Қаншама автобус сатып алынып жатыр, сонда неліктен дәл осыларды ауыстырмайды? №60, 13, 46, 19, 3 қоғамдық көліктерден бастап, тізбелей беруге болады" – деді қала тұрғыны Досжан Мұхаметов.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы