- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сот үкімі
Моншада шахид болуға үндеген шымкенттік сотталды
Шымкент қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты терроризмді насихаттаған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Соттың мәліметінше, ер адам ҚК-нің 256-бабының 1-бөлігімен (терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату) айыпталған.
"Сотталушы 2024 жылдың шілде айында Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Қапал батыр көшесінің бойында орналасқан моншада М., Е. және Ж-мен кездесіп, "Мұсылман бауырлар" (аль-Ихван аль-Муслимун) террористік ұйымын қолдап, қарулы жиһад жасап, шахид болуға, хижрат жасауға қатысуға шақыруды насихаттаған", - делінген хабарламада.
Сот сотталушының жасаған қылмыстық құқықбұзушылығының ауырлығын, жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кінәсін толық мойындауын, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін ескерді, ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
"Сот А-ға ҚК-нің 256-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - делінген сот үкімінде.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан