“Мөңке би мен Мәшһүр Жүсіптің болжамдары дәл келді“. Депутат Әшімжанов дабыл қақты

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов ЛГБТ мәселесін айтып дабыл қақты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Депутаттың сөзінше, адам баласының қолымен жасалып жатқан сұмдықтардың кесірінен қол қолтықтан, тіл түбінен кесіліп, жүректер қарайып барады.

"Мөңке би мен Мәшһүр Жүсіп бабаларымыз айтқан күдік-күмәндар есік-тереземізді талқандап, босағамызды ойрандап, төрімізде тайраңдап, баламызды балшық, қызымызды мансұқ ете бастады. Жер шоқтығы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы таңылып келді. Осындай желеумен халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар көптеген елдің ішкі ісіне негізсіз араласты" деп ашық айтты", - деді ол.

Депутаттың пікірінше, кейінгі жылдары әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарымызға жат құбылыстарды, ЛГБТ-ны насихаттайтын ұйымдардың белсенді әрекеті иманды үйіріп, жанды шүберекке түйгізіп отыр.

"Әсіресе, олар TikTok, өзге де платформалар арқылы өскелең ұрпақты азғындыққа үгіттеп жатыр.  Аса жоғары технологиялық әдіс-айламен қаруланған мұндай қитұрқы үгіт-насихатқа әлі кәмелет жасына толмаған, жақсы мен жаманды айыра білмейтін, бұғанасы бекімеген, рухани діңгегі қатпаған балалар мен жасөспірімдеріміз тез бой алдыратыны анық. Бұл әрекет БҰҰ-ның Балалар құқығы жөніндегі конвенциясына да қайшы келеді", - деді ол.

Жанарбек Әшімжанов бұл ұйымдар сырттан, яғни шетелдерден қаржыландырылып отырғанын айтты.

"Олар бұл бағытта жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға түрлі гранттар беру арқылы еліміздің ішкі ісіне араласып, ұлттық болмысымызға жат дүниелерді таратып отыр. Осылайша қоғамды іштен ірітіп, мемлекетімізге қауіп төндіреді. Мәселен "Феминита" дейтін ұйым тіпті мектеп оқушыларының чатына "жыныстық қатынасқа баулитын, қалай гомосексуалист, лесбиянка болу жолдарын үйрететін іс-шараға" шақырулар таратқан", - деді ол.

Оның пікірінше, батыс елдерінен қаржыландыру әлі тыйылмай отыр, сондықтан мұндай ұйымдардың жұмысын мұқият тексеріп, заң аясында қатаң шара қолданып, мүлдем тосқауыл қоятын кез жетті.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!