Моңғолияда сел тасқынынан кейін домбырасын құшақтап қалған бала желі қолданушыларының жүрегін тебірентті. Айта кетейік, 10 шілдеде Моңғолияның этникалық қазақтар шоғырланған Баян-Өлгий қаласында сел жүріп, 100-ден аса үй қираған еді. 700-ден аса адам баспанасыз қалды. Екі адамның қаза тапқаны хабарланды.
Осыдан кейін әлеуметтік желілерде қазақ баласының үйдің қирандысында сынған домбыраны ұстап отырған сурет жария болып, кең таралды.
Бұл туралы журналист Берік Уәли өз парақшасында былай деп жазады: "Мына баланы танымаймын. Бірақ, менің бауырым ол. Өйткені, ол - Қазақ! Бүлдіршіннің домбырасы бүлініпті. Ішегі үзіліп, тиегі сыныпты. Бірақ, оның үміті үзілген жоқ. Арманына жетсін, он саусағынан өнер тамған күйші болсын деп домбыра атадым оған. Жігіттер жеткізіп берер. Бауырым, арманыңа жеткейсің!".
Желі қолданушысы, журналист Нұрсерік Жолбарыс та бұл көрініске өз ойын жазды. "Домбырасы сынған қазақ баласы. Моңғолияның Баян Өлгий аймағындағы су тасқыны кезінде жүздеген үй қирап, тұрғындар баспанасыз қалды. Суреттегі балақайдың да отбасы үйсіз қалып, қолына енді алған домбырасы да апат кезінде сынған. Бұл көрініске бей-жай қарай алмаған отандастарымыз Өлгийдегі қазақтарға көмек қолын созып, қолынан келгенше жəрдем беруде. Ал, мына балаға белгілі журналист Берік Уəли мырза өз атынан арнайы домбыра сыйлайтын болды. Жырақта жүрген қандасымыз үшін Берік Уəлиұлының бұл сыйлығы үлкен демеу болары анық", - деп жазды ол.
© Нұрбол Ханағат / Facebook
Айта кетейік, қазіргі уақытта еліміздің белсенді азаматтары арнайы қор құрып, Баян-Өлгийдегі селден зардап шеккендерге көмек көрсетуді жоспарлап жатыр. Мәселен, Baq.kz мәліметінше, Моңғолияда қазақтар көп қоныстанған Баян-Өлгий аймағын сел шайып кету себебіне байланысты алыстағы ағайынға қол ұшын беруге ниет білдірген азаматтар арнайы қор құрып, бүгінде осы қордағы қаржы көлемі 1 миллион 400 мың теңгеден асыпты.
"Моңғолияда селден зардап шеккен қандастарымызға қолдау ретінде Қазақстан белсенділері құрған қордағы қаржы көлемі 1 млн 400 мың теңгеден асты. Қаржы аударушылардың арасында Ирландия мен Даниядағы қандастарымыз да бар. Олардың жалпы аударған қаржысы мың жарым доллардан асады. Дания мың доллар, Ирландия 600 доллар аударып отыр", - дейді ақпаратпен бөліскен белсенді азаматтардың бір.
Желі қолданушысы Марфуға Шапиян оқиға болған мекенге барып, халықтың жағдайын біліп қайтыпты. "11 шілде күні Моңғолияның қазақтар шоғырланған аймағы Баян Өлгейде соңғы жарты ғасырда болмаған қатты нөсер жауып, сел жүргенін, оның 100-ге жуық үйді алып кеткенін жақсы білесіздер. Ол күні біз де қалада болатынбыз. Жауын басталғанда бір кафені паналадық. Айналасы 15 минутта төпелеген жауын, бармақтай-бармақтай бұршақ айналаның әлем-тапырығын шығарды. Ал 15 минуттан соң дала дым болмағандай жайбарақат күйге түсті. Аз ғана уақытта орын алған осы бір табиғат мінезінің қаланың шет аймақтағы тұрғындарын үлкен сергелдеңге салғанын сол сәтте білген жоқпыз. Ертеңіне Қазақстандағы туған-туыс, тамыр-таныстар хабарласып: "Селден амансың ба?" деп жаппай сұрап жатқанда ғана істің мән-жайын түсінгендей болдық", - деп, ол оқиға орнында түсірілген видеосын жария етті.
Еске салайық, кеше ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Баян Өлгийдегі селден зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек көрсетілетінін хабарлаған болатын.
Дереккөз: tengrinews.kz
Толығырақ:https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/mongoliyada-selden-keyn-dombyirasyin-kushaktap-kalgan-bala-271131/
Материалды көшіріп басқанда Kaz.tengrinews.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс.