- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- шетел жаңалықтары
Моңғолияда наразылық білдірушілер үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп жатыр
Моңғолия астанасы - Ұланбатырда 11 қаңтар күні түтін, жоғары салық, кедейлік пен жұмыссыздыққа шағымданған жергілікті тұрғындар наразылық білдіріп, үкіметтің отставкаға кетуін талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жергілікті БАҚ мәліметтері бойынша акцияны ұйымдастырушылар - "Бостандық Альянсы" партиясы. Наразылық білдірушілер ауаның ластануына және салық саясатына наразылық білдірді. Халық 11 қаңтар күні таңертең сағат 11:00-де Сухэ-Батор алаңына жиналып, орталық даңғылды жауып тастады.
DW хабарлауынша, бұл - 3 мыңға жуық адам жиналған алаңнан өтетін 15 автобус бағытын тоқтатты. Акция барысында митингіге қатысушылар Парламент депутаттарын Моңғолия үкіметін отставкаға жіберуге шақырды.
сурет: medee.mn
Әлеуметтік желілердегі кадрларда наразылық білдірушілердің үкімет ғимаратына кіруге тырысқаны көрінеді, бірақ тәртіп сақшылары оларды тоқтатты. Митингіге қатысушылар алаңға "Үкімет отставкаға кетсін" деген плакатпен келген.
News.mn. агенттігінің хабарлауынша, жергілікті уақыт бойынша 11:00-де басталған митинг аз дегенде он сағатқа созылды, алайда билік оны тек 17:00-ге дейін өткізуге рұқсат берген.
Еске салайық, 2022 жылдың желтоқсанында Моңғолияда жаппай наразылықтар өтті. Ол кезде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттер себеп болған. Жиналғандар Қытайға экспортқа жіберілген көмірдің 12 миллиард долларын ұрлаған адамдарды жазалауды талап етіп, үкіметтен отставкаға кетуді сұраған еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жапатова