Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух ауыр қылмыстар жасады деген айыптауларға байланысты өз беделін қалпына келтіру үшін өкілеттігін тапсыруға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz Montsame.mn агенттігіне сілтеме жасап.
Хурэлсухтың айтуынша, соңғы бір айда оның атына кір келтіріп, мемлекет басшысының беделіне нұқсан келтіруге бірнеше рет әрекет жасалған.
«Моңғолия президентін ауыр қылмыстар жасады деп айыптап отыр. Бұған жол беруге бола ма? Біраз уақыт бойы болып жатқан жағдайды бақыладым. Бұл — жауапты қызмет. Моңғолияда елді жекелеген адамдар емес, заң басқарады», – деді ол.
Хурэлсухтың сөзінше, бір күн бұрын Моңғолия Демократиялық партиясының парламенттегі фракциясы оның отставкаға кетуін қолдап, істің ақ-қарасын анықтауға шақырған.
Президент бұл талаппен келісетінін мәлімдеген.
«Мен бұған келісемін. Моңғолия президенті ретіндегі өкілеттігімді тапсырамын. Маған қатысты тергеу жүргізіліп, абыройым қалпына келтіріледі», — деді Хурэлсух.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, президентке қатысты айыптаулар сыбайлас жемқорлықпен байланысты болуы мүмкін. Mongolia Daily басылымының жазуынша, мәселе Таван-Толгой — Гашуунсухайт теміржолын салуға арналған құпия тендерге қатысты. Оның жеңімпазы Bodi Group компаниясы болған. Саясаткерлер жалпы сомасы 110 миллион доллар пара алған болуы мүмкін деген болжам айтылған.
Ухнаагийн Хурэлсух Моңғолия президенті қызметіне 2021 жылғы 25 маусымда кіріскен. Бұған дейін, 2017-2021 жылдары ел үкіметін басқарған. Сондай-ақ вице-премьер және Моңғол халық партиясының төрағасы қызметтерін атқарған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз