Моңғолия президенті қызметінен кетті: елде шығарып салу рәсімі өтті

20 қарашада Моңғолия астанасы Ұлан-Батырдағы Сүхбаатар алаңында елдің алтыншы президенті Ухнаагийн Хурэлсухты қызметінен шығарып салу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Montsame.mn агенттігіне сілтеме жасап.

Рәсім басталар алдында бір күн бұрын президенттік өкілеттігін тапсырған Хурэлсух Шыңғыс хан ескерткішіне тағзым етті. Содан кейін құрмет қарауылының алдында арнайы орнатылған мінберге көтерілді.

Мемлекеттік әнұран орындалғаннан кейін Ухнаагийн Хурэлсух құрмет қарауылының сапына сәлем берді. Кейін рәсімге қатысқан дипломатиялық өкілдіктердің басшыларымен, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлермен, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының жетекшілерімен, сондай-ақ қоғам өкілдерімен қол алысып қоштасты.

Салтанатты рәсім Моңғолияның көрнекті композиторларының шығармаларын орындаған әскери үрмелі аспаптар оркестрінің өнер көрсетуімен аяқталды. Осыдан кейін Хурэлсух ел астанасының орталық алаңынан кетті.

Шығарып салу рәсіміне мемлекеттік органдар мен үкімет өкілдері, соның ішінде Моңғолия парламенті – Ұлы мемлекеттік хуралдың төрағасы Сандагийн Бямбацогт пен премьер-министр Ням-Осорын Учрал қатысты.

17 қарашада Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух оппозиция тарапынан мемлекеттік теміржол жобасы арқылы қаржылық пайда көрді деген айып тағылғаннан кейін қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеген. Ол тергеумен ынтымақтасуға ниетті екенін айтқан. Кейін президенттің отставкасын ел парламенті мақұлдады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!