Танымал продюсер Мөлдір Мұқанова 500 мың теңгеден аса айыппұл арқалады. Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті мән-жайын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті 2025 жылы лотерея және лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың тізімін жариялады. Тізімде бірнеше танымал адам бар.
Соның бірі - әзілкеш, блогер Мереке Қалбаева.
Одан бөлек блогерлер Нұрбек Нұртаза, Амина Нұртаза, Әлия Байтуғаева бар.
Министрлік жариялаған тізімде продюсер Мөлдір Мұқанованың да есімі байқалады. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 445-1-бабы 6-бөлімі (Лотерея операторы емес тұлғаның лотерея өткізуі) бойынша жауапқа тартылған. Ақпаратқа сүйенсек, салынған айыппұл көлемі - 150 АЕК, 589 800 теңге.
Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті мәліметінше, жыл басынан бері заңсыз ұтыс ойнын ұйымдастырғандар 40 миллион теңгеге жуық айыппұл төлеген.
"Мониторинг нәтижесінде және жеке тұлғалардан комитетке түскен өтініштер негізінде биыл 89 адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 445-1-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған тұлғаларға ескерту хаттары жолданып, офлайн және онлайн форматтарда кездесулер өткізілді", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев заңсыз лотерея өткізіп, табыс тапқан блогерлерді атады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!