Мөлдір Әуелбекова шоубизнестегі “қара тізім“ туралы шындықты айтты

Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова журналист Дина Төлепбергенге берген сұхбатында өнер әлеміндегі "қара тізімді" кім, қалай жасайтыны туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әншінің айтуынша, "қара тізім" тек саясатта ғана емес, шоубизнесте де бар екен. Оны әр продюсер, ұйымдастырушы өзі белгілейді. 

"Менің орамалға келгеніме төрт жылдан асты. Осы шешімім үшін мені көп жерден алып тастайды. "Орамал үшін" деп ашық бетіме айтады. Орамалым үшін кей шараға шақырмайды. Кейбір сыйлас адамдар не үшін екенін айтпайды, бірақ мен өзім сеземін. Маған "қара тізімге" кіріп-шығудың аса маңызы қалмады", - дейді әнші. 

Мөлдір Әуелбекова осы себеппен түрлі жақсы жобалардан, тіпті қомақты гонорардан бас тартқанын айтты.

"Ғашық жүректен" кейін киноға түспедім. Бірінің гонорары, басқасының сценарийі ұнамады. Бірақ жақында беделді бір арнадан хабарласты. Сериал түсірейін деп жатыр екен. "Қалаған гонорарыңызды береміз, сізді кастингсіз бірден қабылдаймыз, тек орамалсыз, шашпен келсеңіз" деді. Мен бас тарттым", - деп сырын ақтарды әнші. 

Ол ешкімнің бағдарламасына, шараға шақыруына мұқтаж емес екенін, тыңдайтын халық 20 жыл бойы қалай тыңдаса, әлі де әніне деген ықыласы сондай екенін айтып, "қара тізім" тақырыбын жапты. 

Еске салайық, Мөлдір Әуелбекова бұған дейін жар таңдаудан қателескенін айтып, қыздарға кеңес берген болатын. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз