Massaget.kz Қоянқұс ауданында осыдан бір ай бұрын жарамсыз күйге түскен көпір жайын жазған еді. Сол кезде Алматылық әкімдік бұл аумақты Мұхамеджан Сералин көшесі арқылы айналып өтуге болатынын айтып, тұрғындарға басу айтқан. Енді міне, сол Сералин көшесі де жабық. Тұрғындардың сөзінше жолдың қалаға шығар тұсын бәзбіреулер қоршап алып, мүлде жауып тастаған. Өз ауылдарына кіре алмай, кірсе шыға алмай жүрген қарашаның базынасын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
Көресіні жолдан көрген аудан тұрғындары, 13 маусым күні наразылығын білдіріп көшеге шықты.
Тұрғындардың сөзінше бұл жер бұрынан жекенің қолында болған-мыс. Дегенмен ол туралы ешкім білмепті. Тіпті сондағы халық бірігіп, ауданға кірер жалғыз жолды өз қаражаттарына осыдан екі апта бұрын жөндеткен. Қараша халық, түзу жолдың қызығын енді көреміз деп жатқанда жер иесі бой көрсетіп, өзіне тиесілі аумақты қоршап алған. Бұл іске бүгінде жауаптыларды табу да қиын болып отыр. Алатау қалалық әкімдігі құрылмай тұрып, осыдан бірнеше ай бұрын қалалық Жетісу мен облыстық Іле ауданның шекаралары өтетін көшеге ешкімнің жауапкершілік алғысы жоқ көрінеді.
"Менің өзім бұл жерде 8 жылдан бері тұрып келем. Сол уақыттан бері ешкімнің бұл жолға таласы болмап еді. Онсызда шағын ауданға кіретін көпір құлап, айналып кетіп ек, жетпегені енді осы еді. Карта бойынша бұл жол бар, десе де қазір өзгенің меншігінде. Бұл жолды біз 15 күн бұрын ғана өз қалтамыздан қаражат шығарып жөндеткенбіз. Қызығын да көріп үлгермедік. Мына азаматтар жолды бөгеп, құрылыс жұмысын бастап кетті. Бізге ешкім ескертпеді де, мән-жайды түсіндірмеді де. Сол үшін елдің бәрі жұмыстан, бала-шаға сабақтан қалды," - дейді ауыл тұрғыны Камила.
Шарасы таусылған мына жұрт енді тек мола арасынан өтетін тар жолды пайдаланып жүр екен. Аталмыш жолдың түп мақсаты, тек бейітке мүрде тасу. Амалдың жоқтығынан бүгінде осы жолмен қоғамдық және жеңіл көлік те, еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін өтіп жүр.
"Бұл жол Көкжиекке апарады. Бізге дейін де Көкжиек кептеліп жататын еді, бұл жолы сол кептеліске бізде қосылдық. Осындағы 4 ауылдың бәрі сол мола арасындағы кішкентай жолмен өтеді. Кептеліс деген ұзын-сонар. Күні кеше мысалы бірнеше жол көлік оқиғасы орын алды. Тіпті автобус кептеліп, шыға алмай қалды. Басқа амалымыз жоқ, қайтеміз енді", - дейді ауыл тұрғыны Мөлдір ханым.
Жолды қоршап, құрылыс бастаған серіктестік басшысын сөзге тарту үшін іздеп едік, таппадық. Ал құрылыс басындағы құрылысшы жігіттер "күнде жұмыс басына келетін, қазір көрінбейді", - дейді.
Мәселеге қатысты жаңа Алатау қалалық әкімдігі шара қабылдаған. Гейт Сити көпірін айналып өту үшін тұрғындарға уақытша жол жасап беріпті. Бірақ тұрғындар "жол деген аты болмаса құм және қиыршық тас араласқан жабынды, жүру мүмкін емес, айналысының бәрі күл-қоқыс", - деп, бұл жолға көңілдері толмайтындарын жеткізді.
Әкімдік салып берген жол
"Қырсық бір айналдырса шыр айналдырар" демекші, бұл ауыл тұрғындарының жалғыз мәселесі емес. Өңірде газ қондыру ісінде "монополист" пайда болыпты. Тұрғындардың сөзінше жүгенсіз кеткен серіктестік өз жұмыстарына нарықтан 3-4 есе көп баға сұрап, тіпті қаражат қолдарына тиген сәттің өзінде жұмыс жасауға асықпаған.
"Газ қосу 1 миллион теңгеден басталады. Оның өзінде жалынып-жалпайып әрең қостырамыз. Салыстырмалы түрде көрші аудандарда 300-400 мың теңге. Осыдан бірер жыл бұрын осы және өзге де іркілген мәселелерді шешіп беремін деп облыс әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлы қолын беріп тұрып уәде берген-ді. Құр бос сөз бәрі. Іле ауданы әкімі Қарасаев Бағдат Әбілмәжінұлы да сөз беріп кеткен, енді міне жаңа Алатау қаласының әкімдігі уәдеге тойдырып жатыр. Сенімнен шығып барады биліктегілер", - дейді аудан тұрғыны Қарлығаш Сакимбекова
Көпірдің жайы да еш өзгеріссіз қалыпты. Жетісу ауданының әкімдігі сараптама жасап, жұмыстар жүргіземіз деген уәдесін бергенімен, аудан тұрғындары "қит еткен адам көрмедік дейді". Тіпті әкімдіктегілердің келген-келмегенін бақылау үшін арнайы үн тақтай да іліп қойған.
Жабылған жолдар кесірінен қоғамдық көлік қатынауы қиындаған ауыл тұрғындары, әсіресе балалар, діттеген жеріне жету үшін әлі күнге шейін осы көпірді қолдануға мәжбүр екен.
Мәселелерге қатысты Алатау қалалық әкімдігі тиісті шаралар қолданатындықтарын жеткізді.
"Газға қатысты жұмысты ендігі бастап кеттік. Өзге мердігерлерді іздестірудеміз. Жақын арада мәселе реттеледі. Ал жолға келсек, әзірге Мұхамеджан Сералин көшесі де, біз ұсынған айналма жол да жеке меншік иеліктерден өтіп тұр. Оңтайлы шешім қарастырамыз", - деді Алатау әкімінің орынбасары Ержан Әбдіқалық.