Ресейдегі ішінара мобилизация спортшыларға да әсер ете ме? Ақпаннан бері көптеген дүбірлі додадан сырт қалған ресейлік спорттың жай-күйі қалай? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Спортшылар жарыссыз жүр
Ресей футболы әлі жалғасып жатса да, командалары халықаралық ареналарда жоқ. Клубтар Чемпиондар лигасы мен басқа да еуротурнирлерден шеттетілді. Құрама биылғы әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігінен айырылды, 2024 жылғы Еуропа чемпионатына да қатыспайды.
Одан бөлек, барлық дерлік спорт федерациялары ресейліктерді жарыстардан шеттетіп жатыр. Биыл қазақстандық Елена Рыбакина Уимблдонда топ жарған кезде де Ресей теннисшілері қатыспаған. Салдарынан бұл турнирде рейтингілік ұпайлар берілмеген.
Фото: Reuters
Жалпы, жарты жылдан аса уақыт бойы әлем спорты ресейліктерсіз өмір сүріп жатыр. Су спорты түрлерінен және жеңіл атлетикадан әлем чемпионатына да ресейліктер қатыспады.
2024 жылы Парижде болатын жазғы Олимпиада ойындары да ресейліктерсіз өтеді. Бұрынғыдай олимпиадалық құрам да болып шықпайды.
Тек ресейлік кәсіпқой боксшылар мен UFC файтерлері ивенттерге белсенді қатысып жүр.
Мобилизацияға іліге ме?
Жарыссыз жүрген ресейліктерге қыркүйектің аяғында тағы бір хабар келді. Ресейде ішінара мобилизация жарияланды.
Әрине, мобилизация спортқа да әсерін тигізді, себебі кейбір спортшы кезінде әскерге барған не спортроталарда борышын өтеген, көбінің әскери шені де бар.
Мобилизацияның алғашқы күндері жедел штаб құрылды. Биатлоншылар, шаңғышылар, мәнерлеп сырғанаушылар және басқа да спортшылар әскерге шақыру алды.
Фото: "СЭ"
Мысалы, допты хоккейден Ресей жастар құрамасының бас бапкері, бенди аңызы Иван Максимов әскери комиссариаттан шақырту алған. Бірақ ол кейін үйіне жіберілген.
Әрине, құрама мүшесі саналатын кәсіпқой спортшыларға мобилизация әсер етпейтін шығар. Осындай спортшылар мобилизациядан шегеріледі. Бұл туралы Ресей спорт министрі Олег Матыцин айтты.
"Қандай да бір қорғаныс болады. Қандай да бір шегерілу болатын шығар. Бұл жағдайға қарамастан белсенді түрде дамимыз", - деді Матыцин.
Ресейлік спортшылар не дейді?
Ресейлік спортшылардың пікірі әр алуан. Мәнерлеп сырғанаудан ресейлік бапкер Александр Жулиннің ойынша, спортшылар шақырылса, лагерьлерде дене шынықтыруға дайындау мақсатында болуы мүмкін.
"Құрама мүшелеріне тимейді деп ойладым. Егер оларды шақырса, бұл қате шешім. Оның үстіне, бұл адамдардың ешқандай тәжірибесі жоқ. Сондықтан, олар оққа жем болады", - деді Жулин.
Наталья Бестемьянова
Олимпиада чемпионы Наталья Бестемьянова да спортшыларды соғысқа жіберуге қарсы.
"Бұл жерде елге не маңызды екенін түсінуіміз керек - өмірі соғысып көрмеген балалар майданға аттансын ба, әлде өнерін жалғастыра берсін бе? Елге олар спорт ареналарында намысымызды қорғап жүргені маңызды болар еді", - деді ол.
Спорттық гимнастикадан төрт дүркін Олимпиада чемпионы Алексей Немов құрама мүшелерін майданға жіберуге болмайды деп санайды.
"Шектен шығудан аулақ болу керек. Ұлттық құраманың қазіргі мүшелері үшін де, бұрынғылары үшін де белгілі бір бронь болуы керек. Себебі карьерасын аяқтаған адамдар көбіне сол жүйеде қалады, балаларды жаттықтырады, тәжірибесін бөліседі. Бұл ұрпақтар байланысы үзілмеуі керек. Үздік спортшылар - біздің геноқорымыздың бір түрі және оны сақтау керек", - деді Олимпиада чемпионы.
Фото: РИА Новости
Мобилизацияға спортшылар да араластыру идеясын қолдайдындар да бар. Мысалы, мәнерлеп сырғанаудан екі дүркін Олимпиада чемпионы Евгений Плющенко былай деген:
"Қазір жағдай қиын. Шақырту алсаң, сені майданға жібереді деген сөз емес. Бәрі, оның ішінде мен де барып, болашақ жағдайға дайындалсақ, дұрыс болар еді. Қашып, жасырынатындай дүрбелең көріп тұрған жоқпын. Өкінішке қарай, көбі кетіп қалды. Мен оны қолдамаймын. Комиссариатқа шақырту келсе, ешқайда қашпаймын".
Орта салмақта AMC Fight Nights чемпионы Владимир Минеев майданға баруға дайын.
"Барлау бөліміне аламыз деді. Жиналуға уақыт берді, келесі аптада осында болуым керек. Қайда баратынымды айтқан жоқ", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!