- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мобилизация аяқталды. Елде...
"Мобилизация аяқталды. Елде жарылыстар әлі болып жатыр". Украинадағы ахуал қандай?
Ресей президенті Владимир Путин астық мәмілесіне қатысты пікір білдірді. Ал Украина тарапы НАТО үшін декларацияларға қол қоя бастаған. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі оқиғаларға шолу жасады.
Украина НАТО үшін декларацияларға қол қоя бастады
"Бүгін премьер-министр мырзамен мемлекетіміздің еуроатлантикалық интеграциясы бойынша арнайы декларацияға қол қойдық. Чехия Украинаның НАТО-ға мүшелігін қолдайтынын растады. Декларацияда Украинадағы НАТО стандарттарын имплементациялау бойынша ынтымақтастығымыздың нақты бағыттары бар", - деді Украина көшбасшысы Владимир Зеленский бейнеүндеуі барысында.
Ол мұндай құжатқа Чехия қол қойғанын атап өтті.
Полтава мен Днепрде жарылыс болды
Полтавада 1 қарашаға қараған түні бірнеше жарылыс болды. Бұл туралы аймақ басшысы Дмитрий Лунин мәлімдеді.
"Полтавада жарылыстар естілді. Баспаналарымыздамыз. Толық ақпарат кейін болады", - деп жазды ол.
Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар Telegram-арналарда қалаға камикадзе дрондары арқылы шабуыл жасалғанын хабарлап жатыр. Олар мопедтің шуына ұқсас ерекше дыбыс естігенін жазған.
Желі қолданушылары Днепрдегі жарылыстар туралы да хабарлаған. Олардың айтуынша, қаланы жау дрондары атқылаған. Оқиға орнында өрт шыққан.
Ресей Қорғаныс министрлігі өкілі ішінара мобилизация тоқтатылғанын мәлімдеді
Ресей Қорғаныс министрлігі мәліметінше, мобилизацияға байланысты барлық іс-шара аяқталған, әскерге шақыру қағаздарын дайындау және табыстау да тоқтатылған. Ведомство басшысы Сергей Шойгудың тапсырмасы бойынша Бас штаб әскери округ әскерінің қолбасшылары мен солтүстік флот қолбасшысына ішінара мобилизация іс-шараларының аяқталғаны туралы 1 қарашаға дейін баяндау туралы нұсқаулар жіберген.
Әскери комиссариаттарға 31 қазаннан бастап штаттық режимде жұмысқа оралуға бұйрық берілген. Алдағы уақытта олар келісімшарт бойынша әскери қызметке еріктілер мен кандидаттарды қабылдаумен ғана айналысады.
Путин "астық мәмілесінің" бұзылуына қатысты пікір білдірді
Ресей президенті Владимир Путин алғаш рет Ресейдің "астық келісімінен" шығуы туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы 31 желтоқсандағы баспасөз мәслихатында айтылды.
"Астықтың 34 пайызы Түркияға, 35 пайызы ЕО елдеріне, ал 3-4 пайызы, кейде 5 пайызға дейін ғана кедей елдердің пайдасына түседі. Біз осы үшін бәрін жасадық па?" - деді Путин.
Ресей басшысы Қара теңіз флотына шабуыл жасаған дрондар "астық экспортталатын дәлізде ішінара болғанын" мәлімдеді. Оның айтуынша, осы себепке байланысты Ресей Федерациясы кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мәмілеге қатысуды тоқтатады.
Ол Украина БҰҰ-ға азаматтық кемелер мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кемелерге қауіп төндірмейтініне кепілдік беруі керегін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей Украинаға Қара теңіз порттарынан астық экспорттауға мүмкіндік беретін халықаралық делдалдықпен жасалған мәмілеге қатысуын тоқтататынын мәлімдеген еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова