- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мобильді құрылғылар нарығында...
Мобильді құрылғылар нарығында қытайлық компаниялардың қарқыны қатты
Мобильді құрылғылар нарығы жылдам өзгеріп келеді. Әлемдік нарыққа смартфон өндіруші компаниялардың бірі келсе, бірі кетеді. Ағымдағы кварталдың статистикалық ақпаратына орай, нарық үлескерлерінің жаңа тізімі белгілі болды.
Сарапшы мамандардың айтуынша, мобильді девайстарды құрастыратын компаниялар рейтингі айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Айта кетсек, Microsoft және Sony сынды алып компаниялар үздік ондыққа енбей қалды. Ал олардың орнын жылдам қарқын алып жатқан қытайлық компаниялар басып отыр. Рейтингке көз жүгіртсек, үздік ондықтың жетеуі аспан асты елінің өндірушілері екеніне куә боламыз.
Бұл тізімде бірінші орынды әзірге оңтүстіккореялық Samsung компаниясы (24,3%) иемденіп отыр. Америкалық Apple корпорациясы 17,9%-дық көрсеткішпен екінші орында келеді. Одан кейінгі үлескерлер тізімін Lenovo (5,5%), Huawei (5,1) және LG (4,5%) компаниялары жалғастырған.
Қытайдың Xiaomi және ZTE компаниялары алтыншы мен жетінші орындарға тұрақтады. Олардың үлесі сәйкесінше – 4,4% және 3,5%. Ал көш соңын Coolpad/Yulong, TCL/Alcatel Onetouch пен Vivo мобильді концерндері түйіндеп тұр. Бірақ олардың үлестік пайызы айтарлықтай үлкен емес.
Нақтылап өтсек, нарықтағы жеті компания Қытайдан, ал екеуі Оңтүстік Корея және тағы біреуі америкалық болып отыр. Расында, Samsung, LG және Apple компанияларының негізгі өндіріс орталықтары Қытай аймағында орналасқанын ескерер болсақ, әлемдік нарықты толығымен Қытай жаулап алғанына көз жеткіземіз.
Ж. Өрісбай